
Абай облысында «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде тұрғындардан түскен өтінішке жедел жауап берді.
Хабарламада азаматтар қоғамдық көліктің техникалық жағдайына қатысты өзекті мәселені көтеріп, былай деп атап өткен:
«Автобустардың жағдайы өте нашар… 34 немесе 36 бағыттағы автобус жүреді — терезесі сынған, скотчпен жапсырылған, ұсақ шыны сынықтары орындықтарға шашылады…»
Аталған дерек бойынша тексеру жүргізілді. Нәтижесінде автобус жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін техникалық ақаумен желіге шығарылғаны анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша жүргізуші техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ «Таксопарк» ЖШС механигі техникалық ақауы бар көлік құралын желіге шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, тасымалдаушының атына анықталған заңбұзушылықтарды жою және алдағы уақытта мұндай фактілерге жол бермеу туралы ұйғарым енгізілді.
Абай облысы Полиция департаменті қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін көлікті желіге шығаруға жол берілмейтінін атап өтті.
«Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы тексеру жұмыстары жалғасуда.
Полиция белсенді азаматтық ұстанымы үшін тұрғындарға алғыс білдіреді: әрбір хабарлама құқықбұзушылықтың алдын алуға және жолаушылардың қауіпсіздігін қорғауға көмектеседі.