Қудалау — «романтика» емес: полиция сталкинг және құқықтық қорғау туралы бейнеролик жариялады

Қудалау — «романтика» емес: полиция сталкинг және құқықтық қорғау туралы бейнеролик жариялады

Қазақстанда сталкинг — физикалық күш қолданусыз жасалатын, адамды еркінен тыс мазалап, аңду арқылы жүзеге асатын заңсыз қудалау — нақты қылмыстық-құқықтық баға алды.

Қылмыстық кодекске 115-1-бап «Сталкинг» енгізіліп, адамның еркіне қарсы қалаусыз байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған, елеулі зиян келтірген әрекеттер үшін жауапкершілік көзделді (оның ішінде психологиялық қысым көрсету, жеке өмірге қол сұғу, еркін жүріп-тұруын шектеу).

Дәл осы тақырыпқа Абай облысы Полиция департаментінің профилактикалық бейнеролигі арналған. Оның мақсаты — азаматтарға сталкингті құқыққа қайшы қудалау түрі ретінде жан-жақты түсіндіру, оның құқықтық табиғатын, әлеуметтік қауіптілігін және психологиялық салдарын ашып көрсету, сондай-ақ қолданыстағы құқықтық қорғау тетіктері туралы ақпарат беру.

Сюжет негізінде көпшілікке таныс жағдай алынған: қудалаушы заңсыз әрекеттерін кезең-кезеңімен жүзеге асырып, кінәсін жоққа шығарады және болған жайтты «зиянсыз қарым-қатынас» ретінде көрсетуге тырысады. Тергеуші фактілерді жүйелі түрде тіркеп, еркінен тыс қудалау мен жәбірленушіге келтірілген нақты зиян арасындағы себеп-салдарлық байланысты көрсетеді.

Өмірде де дәл осылай: сталкер «қол тигізбеуі» мүмкін, бірақ адамды тыныштығынан, қауіпсіздігінен және еркіндігінен айырады.
Құқық қорғау органдары атап өткендей, жаңа тәсілдің маңызды қағидаты — жағдай ауыр қылмыстарға ұласпай тұрып, қауіптің бастапқы кезеңінде әрекет ету.

«Сталкинг — бұл “қарым-қатынас” туралы да, “қызғаныш” туралы да емес. Бұл — бақылау мен қысым көрсету. Егер адам байланысты тоқтатуды сұраса, ал қудалау жалғаса берсе — бұл көмекке жүгінетін белгі. Заң жеке шекараны қорғайды», — деп атап өтті Абай облысы Полиция департаменті.



Абай облысы Полиция департаменті бейнеролик кейіпкерінен өзін, құрбысын немесе әпке-сіңлісін таныған әйелдер көмек сұрауға батылдық табады және мәселе алдында жалғыз қалмайды деп үміттенеді.
Жыл басынан бері Абай облысында тіркелген сталкингтің 3 дерегінің барлығы сотқа жолданған.

Есте сақтаңыз: маза бермейтін қудалау фактілерін (хабарламалар, қоңыраулар, аңду әрекеттері, үйдің немесе жұмыс орнының маңында пайда болу, таныстар арқылы қысым жасау) міндетті түрде тіркеп, бірден қорғау үшін жүгініңіз — уақтылы берілген арыз қудалауды тоқтатуға және ауыр салдардың алдын алуға көмектеседі.