"Тасымалдаушы" ЖПІШ: Абай облысында 533 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

"Тасымалдаушы" ЖПІШ: Абай облысында 533 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

Абай облысы аумағында Республикалық «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушылар мен жүк тасымалы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, заңсыз тасымалдау фактілерін анықтау, сондай-ақ жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзудың жолын кесу арқылы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Осы бағытта полиция қызметкерлері қоғамдық көліктерді, такси қызметін, қалааралық және халықаралық бағыттағы автобустарды, сондай-ақ жүк автокөліктерін кешенді түрде тексеруде.

Тексеру барысында көлік құралдарының техникалық жай-күйіне, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауына, міндетті рұқсат құжаттарының болуына, сақтандыру талаптарының орындалуына және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударылды.

Жүргізілген іс-шара нәтижесінде облыс аумағында барлығы 533 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Атап айтқанда:

🔹Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу – 45 дерек;
🔹Техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқару – 93 дерек;
🔹Мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлік құралдарын пайдалану – 52 дерек;
🔹Көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды немесе радиостанцияны пайдалану – 103 дерек;
🔹Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану қағидаларын сақтамау – 174 дерек.

 Заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын тұлғаларды анықтау және оларды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бойынша да нақты жұмыстар жүргізілуде.

👮‍♂️Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға, көлік құралдарының техникалық жағдайын уақтылы бақылап отыруға және жол мәдениетін арттыруға шақырады.

Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – әрбір жүргізуші мен жолаушының жауапкершілігі. Қауіпсіздік қағидаларын сақтау – адам өмірін сақтаудың басты кепілі.