
Семей қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері күнделікті қызметтік міндеттерін атқару барысында қоғамдық орындарды ластау фактілерін анықтап, «Нөлдік төзімділік» қағидаты аясында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Жедел басқару орталығының бақылау камераларының көмегімен қоғамдық орында темекі шегіп, тұқылын жерге тастаған екі қала тұрғыны анықталды. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қолданылып, азаматтарға заң талаптары мен жауапкершілік туралы түсіндірілді.
Құқық бұзушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізу барысында оларға ортақ пайдаланылатын орындарды таза ұстаудың, қоғамдық мүлікке ұқыпты қараудың және жалпы қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығы жеткізілді. Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау тек құқықтық міндет емес, сонымен қатар әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін ескертті.
Тұрғындарды мәдениеттілікке, өз ортасын құрметтеуге және қаланы таза ұстауға шақырамыз, қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау – бұл тек құқықтық норма ғана емес, қоғамның әрбір мүшесіне жүктелген азаматтық міндет. Әрбір азамат өз мінез-құлқымен қоғамдық кеңістікті әсем әрі қауіпсіз етуге үлес қоса алады.
Қоғамдық орындарды таза ұстау, қоқыс тастау ережелерін сақтау және мәдениеттілік – болашағымыз үшін ортақ міндет болып табылады.