
Абай облысында жолаушылар және жүк тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Тасымалдаушы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Іс-шара аясында Абай облысының Полиция департаменті Көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп автопарктер мен тасымалдаушыларға тексеру жүргізуде. Ерекше назар көлік құралдарының техникалық жай-күйіне және заңнама талаптарының сақталуына аударылуда.
Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарудың 69 дерегі анықталды. Сонымен қатар, көлікті желіге рейс алдындағы техникалық байқаудан өткізбей шығарудың 43 фактісі және көлік құралын басқару құқығы жоқ адамдардың басқаруының 4 дерегі тіркелді.
Такси қызметіне де ерекше көңіл бөлінді. Аталған санаттағы жүргізушілер арасында 385 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар ең алдымен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және тасымалдаушылар арасындағы тәртіпті арттыруға бағытталған.
Жолдағы қауіпсіздік — жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі.