Абай облысы патрульдік полиция қызметкерлері қар құрсауындағы көлікке жедел көмек көрсетті

Абай облысы патрульдік полиция қызметкерлері қар құрсауындағы көлікке жедел көмек көрсетті

Абай облысы аумағында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы қызметтерін абыроймен атқарып жүрген полиция қызметкерлері кезекті мәрте қала тұрғынына көмектесті.

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері өз аумақтарын патрульдеу кезінде жол жиегінде қар құрсауында қалған автокөлікті байқайды. Қыс мезгілінің күрделі метеорологиялық жағдайы, қалың түскен қар мен тайғақ жол көлік қозғалысын қиындатып, жүргізушінің қозғалысына қиындық тудырған.

Белгілі болғандай жүргізуші үйіне қайтпақ болып, жолда қарға батып қалған. Осындай сәтте патрульдік бағытта жүрген тәртіп сақшылары орын алған жағдайға бейжай қарамай, жедел түрде көмек көрсету туралы шешім қабылдайды.

Олар ең алдымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кейін көлік құралын қар құрсауынан босату шараларын ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары қарға батып қалған автокөлікті өз қолдарымен итеріп, қауіпсіз жерге шығарды. Осылайша, азаматтың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, жол қозғалысының қалыпты режимде жалғасуына мүмкіндік жасалды.

Қысқы кезеңде ауа райының құбылмалы болуына байланысты облыс тұрғындары мен қонақтарына жолға шығар алдында көлік құралдарының техникалық жай-күйін мұқият тексеріп, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес беріледі. Қиын жағдай туындаған кезде құзырлы органдар әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін еске саламыз.