
Абай облысы Полиция департаментінде тергеу, анықтау, әскери-тергеу және криминалистикалық бөлімшелердің, сондай-ақ құқық қызметтерінің қызметін жетілдіруге арналған семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Іс-шараға ІІМ Тергеу департаментінің басшылығы, әскери-тергеу органдары мен құқықтық бөлімшелердің өкілдері, сондай-ақ аумақтық органдардағы тергеу және анықтау қызметтерінің жетекшілері қатысты.
Қатысушыларға ІІМ Тергеу департаменті орынбасары Бауыржан Нұрсұлтанұлы Абенов заңдылық қағидаларын қамтамасыз ету, қылмыстық істерді тергеудің сапасын арттыру, процессуалдық мерзімдерді қатаң сақтау және қызметкерлердің жеке жауапкершілігін ерекше назарға алу қажеттігін атап өтті.
Семинар барысында ағымдағы жылдың қаңтар айындағы тергеу бөлімшелерінің қызметі қорытындыланып, ІІМ негізгі директивалары жеткізілді.
Сондай-ақ, қолданыстағы заңнаманың жаңа нормаларын іс жүзінде қолдану бойынша түсіндірулер берілді. Арнайы назар алдын ала тергеудің сапасын арттыруға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға, ведомствоаралық бақылауды күшейтуге және қызметтік тәртіпті нығайтуға аударылды.
Арнайы блокта әскери- тергеу органдарының қызметін ұйымдастыру, аумақтық бөлімшелермен өзара іс-қимыл және заманауи әдістер мен техникалық құралдарды қолдана отырып тергеуді криминалистикалық қамтамасыз етуді жетілдіру мәселелері қаралды.
Іс-шара қорытындысы бойынша аумақтық органдардағы тергеу және анықтау бөлімшелерінің жетекшілері тыңдалып, қызмет тиімділігін арттыру және тұрақты көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Өткізілген семинар-кеңес практикалық тәжірибе алмасуға, бірізді басқару тәсілдерін қалыптастыруға және тергеу мен анықтау органдарының қызметінде заңдылық, кәсібилік пен жауапкершілік принциптерін одан әрі нығайтуға тиімді кәсіби алаң болды.