
Қыс мезгілі жолға шыққан әр жүргізуші үшін оңай емес. Әсіресе боран соғып, көктайғақ күшейген кезде трассада жүру тіпті қауіпті. Осындай жағдайда Абай облысы аумағындағы Алматы – Өскемен тас жолының 874-шақырымында «Priora» автокөлігі ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жиегіне шығып кеткен.
Қалың қар мен тайғанақ жол көлікті басқаруға мүмкіндік бермей, жүргізуші қиын жағдайға тап болған. Дәл осы сәтте трассада патрульдеп жүрген полиция қызметкерлері қиын жағдайға тап болған азаматты байқап, бірден көмекке келді.
Полицейлер көліктің қарға батып қалғанын көріп, уақыт жоғалтпай іске кіріседі. Қолдарына күрек алып, дөңгелек маңындағы қарды тазалайды. Суық желге қарамастан, жалаңаш қолдарымен қарды күреп, көлікті сүйреп жолға шығарады. Бұл – олардың күнделікті қызметі болғанымен, әр осындай жағдай адам өмірі мен қауіпсіздігі үшін маңызды. Көлікті қауіпсіз жерге шығарған полицейлер ең алдымен жүргізушінің денсаулығын бақылап, көліктің техникалық жағдайына назар аударды.
Бірнеше минуттық еңбектің нәтижесінде автокөлік қайтадан жолға шығарылды. Жүргізуші полицейлерге алғысын білдіріп, сапарын жалғастырды.
Осындай сәттерде тәртіп сақшыларының жұмысы тек жол қозғалысын бақылаумен шектелмейтіні анық көрінеді. Қолайсыз ауа райында аязбен бетпе-бет қалатын да осы тәртіп сақшылары. Олар қиын жағдайда қалған жандарға көмек көрсетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Қандай ауа райы болса да, олар жол үстіндегі әрбір азаматтың амандығы үшін қызмет етуде.
Қысқы ауа райы – аязымен, көктайғағымен, боранымен қатар жүретін табиғи құбылыс.
Мұндай кезеңде жол-көлік оқиғаларының қаупі, жолдан шығып кету бірнеше есе артады.
Осы орайда жүргізушілерге қойылатын негізгі талаптар:
Көлікті қысқы маусымға толық дайындау
Қысқы шиналардың орнатылғанына көз жеткізу
Қауіпсіз жылдамдық режимін сақтау
Ара қашықтықты ұлғайту
Кенет тежеу мен күрт маневр жасаудан бас тарту
Жол жүру ережелерін қатаң сақтау
Аса қажеттілік болмаса жолға шықпау ескертіледі.