
Семей қаласы Полиция басқармасына жеке сот орындаушысынан 1 100 000 теңге көлеміндегі берешекті өтеу туралы сот шешімін орындамаған борышкерді іздеуге жариялау жөнінде қаулы келіп түсті. Тәулік ішінде полиция қызметкерлерімен қаланың 21 жастағы тұрғыны анықталды.
Іздестіру іс-шаралары барысында Семей қаласы Полиция басқармасының көші-қон қызметі қызметкерлері Қазақстан Республикасы ІІМ ақпараттық жүйелерінің көмегімен борышкердің Семей қаласындағы нақты орналасқан жерін анықтады. Одан жеке сот орындаушыларына келу туралы міндеттеме алынды. Енді қарызды өндіру жұмыстарымен сот орындаушылары айналысады.
2026 жылдың басынан бері Абай облысы Полиция департаментінің көші-қон қызметі бөлімшелері 37 борышкерді анықтады.
Абай облысы Полиция департаменті хабарлайды:
Сот шешімі – міндетті түрде орындалуға тиіс құқықтық акт. Атқарушылық құжаттарды елемеу, қарызды төлеуден жалтару немесе сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Борышкердің мүлкіне тыйым салу, банктік шоттарын бұғаттау, ел аумағынан шығуға уақытша шектеу қою, табысына өндіріп алу шараларын қолдану – заңда көзделген ықпал ету тетіктері.
Абай облысының аумағында атқарушылық өндірістер бойынша іздестіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Қазіргі заманғы ақпараттық жүйелер мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері борышкерлерді қысқа мерзім ішінде анықтауға мүмкіндік береді. Заң талаптарынан жалтару мүмкін емес.
Сондықтан барлық азаматтарды:
сот шешімдерін уақытылы орындауға;
берешектерді ерікті түрде өтеуге;
сот орындаушыларының заңды талаптарына құрметпен қарауға шақырамыз.
Қарызды уақытында өтеу – тек заң талабы ғана емес, бұл азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениеттің көрсеткіші.
Заң талаптарын сақтау – өз құқығыңызды қорғаудың және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі.