«Таза Қазақстан» акциясы аясында Абай облысында 1300-ге жуық құқықбұзушылықтың жолы кесілді

«Таза Қазақстан» акциясы аясында  Абай облысында 1300-ге жуық құқықбұзушылықтың жолы кесілді

Абай облысында қоғамдық тәртіп пен экологиялық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын сақтау, инфрақұрылым объектілерін қорғау, жасыл желектер мен саябақтарды бұзбау – акцияның негізгі міндеттерінің бірі болып отыр.

Жыл басынан бері облыс аумағында жалпы 1265 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде:

Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым объектілерін бүлдіру, жасыл екпелерді жою – 1160 факті;

Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау – 105 факті.

Құқық бұзушылықтардың бір бөлігі Жедел басқару орталығының (ЖБО) бейнекамералары арқылы тіркеліп, құқық қорғау органдары тарапынан жедел шаралар қабылданды. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтау және экологиялық мәдениетті арттыру бағытында маңызды қадам болып табылады.

Абай облысының Полиция департаменті азаматтарға экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Халыққа тазалық пен тәртіпті сақтау қажеттілігі, қоршаған ортаны қорғау мен санитарлық талаптарды орындаудың маңызы кеңінен түсіндіріледі.

«Таза Қазақстан» акциясы – тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, сонымен қатар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны сақтау мен қоғамдық абаттандыруға үлес қосу шарасы болып табылады.

Абай облысының Полиция департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына қоғамдық тәртіп пен тазалық талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.

Қоршаған ортаны ластау, ортақ пайдаланылатын орындарды бүлдіру, жасыл желектерді жою және абаттандыру қағидаларын бұзу – заңмен жауапкершілікке әкеп соғады. Әрбір азаматтың экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігі – өңіріміздің көркеюі мен тазалығының кепілі.

Таза аула, таза көше, таза қала – өзімізден басталады!
Қоршаған ортаны қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

 Табиғатты аялаңыздар!
 Тазалықты сақтаңыздар!
 Заң талаптарын бұзбаңыздар!