
Аягөз қаласында полиция қызметкерлері жол бойында қиын жағдайға тап болған егде жастағы ер азаматқа көмек көрсетті. Оның автокөлігі кенеттен жолдың қақ ортасында сөніп қалып, қария шамамен жарты сағат бойы көлігінің жанында тұрған. Осы уақыт ішінде өзге көліктер жанынан тоқтамай өтіп кеткен.
Жағдайды байқаған полиция қызметкерлері бірден тоқтап, ең алдымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Кейін көлікті жол шетіне шығарып, ақаудың себебін анықтауға кірісті. Мамандар көмегінсіз мәселені шешу мүмкін еместігін түсінген қызметкерлер таныс электр маманын шақыртты. Ол жедел түрде келіп, автокөлікті қайта іске қосты.
Қозғалтқыш от алған сәтте қарияның жүзінде қуаныш пен жеңілдік сезімі байқалды. Ол полиция қызметкерлеріне көрсеткен көмегі, қамқорлығы және жанашырлығы үшін шынайы алғысын білдірді.
Полиция капитандары Ерасыл Оралғазинов пен Абай Ақылбаев азаматтарға көмек көрсету ісінде әрдайым белсенділік танытып келеді. Олардың басты ұстанымы — адамдарға қолдау қажет болған кезде бейжай қарамау.
Полиция қызметкерлері еске салады: жолдағы кез келген күрделі жағдайда 102 нөмірі арқылы жүгінуге болады.