Абай облысында жүргізуші куәлігінен айырылған әйел мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды

Абай облысында жүргізуші куәлігінен айырылған әйел мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды

Абай облысы Үржар ауданында, Абылайхан көшесінде полиция қызметкерлері 38 жастағы жергілікті тұрғын басқарған BMW маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушімен әңгімелесу барысында тәртіп сақшылары алкогольдің өткір иісін байқады.

 Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, әйелдің жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйінде болғаны анықталды. Сондай-ақ, 2024 жылғы Үржар аудандық сотының үкіміне сәйкес, оның 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

 Көлік құралын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік мас күйінде болған адамның автокөлік басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктіге қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шарасы — ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрі қолданылды.

 Абай облысы Полиция департаменті еске салады: алкогольдік мас күйінде, оның ішінде жүргізуші куәлігінен айырылған жағдайда көлік басқару — жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.