
Абай облысы – қауіпсіз қоғам құру жолында тағы бір маңызды бастаманың алаңына айналды. Облыс полицейлері “Қауіпсіз болашақ: сталкингке қарсы ортақ жауапкершілік” тақырыбында 150-ге жуық жастың қатысуымен ауқымды форум өткізді.
Іс-шараның өзегі – жай ғана дәріс емес, ой салатын, жауапкершілік жүктейтін ашық әңгіме болды. Құқық қорғау органдарының өкілдері сталкингтің жасырын қауіп екенін, оның кейде әзіл не «жай қызығушылық» ретінде қабылданатынын, алайда шын мәнінде адамның психологиялық жай-күйі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Форумда заң талаптары, жауапкершілік шаралары және жәбірленушілерге көрсетілетін қолдау тетіктері кеңінен айтылды. Сонымен қатар киберкеңістіктегі қысым көрсету, әлеуметтік желідегі қудалау, жеке деректерді заңсыз пайдалану мәселелері де назардан тыс қалмады.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, жастар өз пікірін ашық білдірді. Бұл – тек ақпарат алмасу емес, өзара сенім мен түсіністік орнатуға бағытталған алаң болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар – құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Себебі қауіпсіз орта – құқық қорғау органдарының ғана емес, әр азаматтың белсенді ұстанымына байланысты.
2025 жылдан бастап Қылмыстық кодекске сталкинг пен некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Сонымен қатар, отбасылық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтіліп, мұндай құқықбұзушылықтар жәбірленушінің арызынсыз-ақ тіркеледі.
Жәбірленушілерді қорғау мақсатында агрессорларға байланысуға және қудалауға тыйым салатын арнайы қорғау шаралары қолданылады.
Бұл жұмыстар барлық жауапты мекемелердің бірлескен әрекеті арқылы жүзеге асырылуда, — деді Абай облысы ПД ККБ ОТЗЗККБ бастығы Виталий Каверин.
“Қауіпсіз болашақ” форумы – заң мен тәртіпке құрмет, жеке шекараға жауапкершілік және өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру жолындағы нақты қадам.