
Абай облысында киберқылмысқа қарсы профилактикалық жұмыстар жүйелі әрі тұрақты негізде жүргізілуде. Заманауи технологиялардың қарқынды дамуы ақпарат кеңістігін кеңейтіп қана қоймай, түрлі қауіп-қатерлердің де артуына себеп болып отыр. Осыған байланысты өңірдің құқық қорғау органдары интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударуда.
Полиция қызметкерлері күн сайын интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, тиым салынған, заңға қайшы контенттерді анықтау бағытында кешенді жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, арандатушылық сипаттағы, ұлтаралық алауыздықты қоздыратын, зорлық-зомбылықты насихаттайтын, терроризм мен экстремизмге шақыратын жазбалар жедел түрде анықталып, заң талаптарына сәйкес шаралар қабылдануда. Мұндай материалдар уақтылы бұғатталып, өшіріліп, жалған хабарлардың таралуына жол берілмейді.
Осы орайда Семей қаласы ПБ Экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі полиция майоры Маржан Байзульдинова:
«Интернет кеңістігі – ақпарат алмасудың тиімді құралы ғана емес, кей жағдайда теріс пиғылды адамдардың идеология тарату алаңына айналуы мүмкін. Сондықтан біз әлеуметтік желілер мен түрлі платформаларға тұрақты мониторинг жүргіземіз. Экстремистік сипаттағы немесе терроризмді насихаттайтын материалдар анықталған жағдайда, оларды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар, біз үшін алдын алу жұмыстары ерекше маңызды. Азаматтар күмәнді контентті көрген жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарлауы тиіс. Қоғамдық қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет», – деп атап өтті.
Киберкеңістіктегі қылмыстың алдын алу тек бақылаумен шектелмейді. Профилактикалық бағыттағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Азаматтарға фишинг, жалған жарнама, интернет-алаяқтық, әлеуметтік желілердегі күмәнді аккаунттардан сақ болу жолдары кеңінен түсіндіріледі.
Кибертерроризм – бұл террористік мақсатта жасалатын кибершабуылдар. Яғни, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне, банк секторына, көлік инфрақұрылымына, энергетикалық желілерге немесе байланыс арналарына заңсыз кіру, оларды бұғаттау, істен шығару немесе жалған ақпарат тарату арқылы қоғамға зиян келтіру.
Мұндай әрекеттердің басты мақсаты – материалдық шығын келтіру ғана емес, халық арасында үрей мен тұрақсыздық қалыптастыру. Кей жағдайда экстремистік ұйымдар интернетті өз идеологиясын тарату, адамдарды радикалдандыру және қатарын көбейту үшін пайдаланады.
Киберқауіпсіздік – тек құқық қорғау органдарының емес, барша азаматтардың ортақ жауапкершілігі. Әрбір пайдаланушы ақпаратты сын көзбен қарап, күмәнді әрекеттер туралы тиісті органдарға хабарлау арқылы қауіпсіз қоғам қалыптастыруға өз үлесін қоса алады.
Цифрлық дәуірде қауіпсіздік – қырағылықтан басталады.