Абай облысының полицейлері №47 мектеп оқушыларымен кешенді қауіпсіздік сабағын өткізді

Абай облысының полицейлері №47 мектеп оқушыларымен кешенді қауіпсіздік сабағын өткізді

Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Семей қаласындағы №47 жалпы білім беретін мектебінде оқушыларға арналған кешенді қауіпсіздік сабағын ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесіне кеңінен тоқталды. Оқушыларға жаяу жүргіншілердің негізгі міндеттері, бағдаршам талаптарын сақтау, жолды белгіленген жерден кесіп өту ережелері түсіндірілді.

Сонымен қатар велосипед, самокат және өзге де жеке қозғалыс құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары айтылды. Полицейлер жолдағы тәртіп пен мұқияттылықтың адам өмірін сақтаудағы маңызын нақты мысалдар арқылы жеткізді.

Сабақ аясында интернет алаяқтықтың алдын алу мәселелері де қамтылды. Қызметкерлер жасөспірімдерге күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді бөтен адамдарға жария етпеу, бейтаныс нөмірлер мен әлеуметтік желідегі жалған аккаунттарға сенбеу қажеттігін түсіндірді. Онлайн кеңістікте сақтық таныту – қаржылық және жеке қауіпсіздіктің кепілі екені атап өтілді.

Сонымен қатар кибербуллинг пен мектептегі буллингтің зияны туралы маңызды ақпарат берілді. Оқушыларға қорлау, әлімжеттік көрсету және психологиялық қысымның құқықтық салдары түсіндіріліп, мұндай жағдайға тап болғанда ата-аналарға, мұғалімдерге немесе құқық қорғау органдарына жүгіну қажеттігі айтылды. Әрбір бала өзін қауіпсіз сезінуге құқылы екені ерекше атап өтілді.

Іс-шара интерактивті форматта өтіп, оқушылар өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойды. Полиция қызметкерлері нақты өмірлік жағдайларды талдап, қауіптің алдын алудың тиімді жолдарын түсіндірді.

Абай облысының Полиция департаменті жас ұрпақтың қауіпсіздігі – басты басымдықтардың бірі екенін жеткізеді.

Қауіпсіздік – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Саналы тәртіп пен сақтық – жарқын болашақтың негізі.