
Ағымдағы жылдың 9–13 ақпаны аралығында Абай облысының аумағында құқықтық тәртіпті нығайту, мал ұрлығының алдын алу және ветеринариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара барысында полицейлер облыс аумағындағы стационарлық бекеттерде және ет өнімдерін өткізу орындарында бақылау шараларын күшейтті.
Жалпы саны 429 автокөлік құралы тексерілді. Сонымен қатар 79 ет өнімдерін сату орны мен 127 шаруа қожалығының қызметіне зерделеу жүргізілді.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде ветеринария саласындағы талаптарды бұзудың 10 дерегінің жолы кесілді. Бұл ретте ветеринариялық-санитариялық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету — тұрғындардың қауіпсіздігі мен сапалы өнім тұтынуына кепіл болатынын атап өткен жөн.
Сондай-ақ қараусыз жүрген 119 бас мал арнайы қораларға қамалып, иелері анықталу үстінде. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу фактілері бойынша 32 тұлға анықталды. Олармен полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл шаралар малдың бақылаусыз жайылуының алдын алып, жол-көлік оқиғалары мен өзге де келеңсіз жағдайлардың туындауына жол бермеуге бағытталған.
Аталған жедел-профилактикалық іс-шара өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, мал шаруашылығы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және заң талаптарының сақталуын нығайтуға өз үлесін қосуда.
Абай облысының Полиция департаменті мал иелерін сақтық шараларын күшейтуге шақырады. Мал ұрлығы көбіне қараусыз және сәйкестендірілмеген малға қатысты тіркеледі.
Малды қараусыз қалдырмаңыз. Иесіз мал — ұрлыққа мүмкіндік.
Сәйкестендіруді қамтамасыз етіңіз:
таңбалау (таңба қою)
сырғалау (биркалау)
чиптеу (ең сенімді тәсіл)
Жайылым қауіпсіздігі:
• малшы жалдаңыз немесе
• кезекпен бақылау тәртібін ұйымдастырыңыз.
Күмәнді дерек байқасаңыз (заңсыз сою, сақтау/сату, күдікті тасымал) — 102 нөміріне дереу хабарласыңыз.