
Абай облысы әкімшілік полиция басқармасы, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Семей қаласындағы №26 жалпы білім беретін мектептің мұғалімдеріне арналған қауіпсіздік сабағын өткізді. Бұл іс-шара қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін күшейту, білім беру саласы қызметкерлерін заманауи қауіп-қатерлерден хабардар ету мақсатында ұйымдастырылды.
Сабақ барысында қатысушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау маңыздылығы, көліктік тәртіптің негізгі қағидалары және жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, қазіргі қоғам үшін аса өзекті мәселе болып отырған интернет алаяқтық және киберқылмыстан сақтану тақырыбына ерекше назар аударылды. Полиция полковнигі нақты мысалдар арқылы желіде кездесетін қауіптерді, олардан қорғанудың тиімді әдістерін көрсетіп, қатысушылардың сұрақтарына толық жауап берді.
Омаров Бауыржан сөзінде:
«Қауіпсіздік – әр адамның жеке жауапкершілігі ғана емес, сонымен бірге қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығының кепілі. Біз өз тәжірибемізді бөлісіп, әрбір азаматтың қауіпсіздігін арттыруға атсалысамыз. Сіздерді де шәкірт тәрбилеп отырған мұғалім ретінде де жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға және балаларға жол қозғалысы ережесін үйретуге шақырамыз. Білім беру саласының қызметкерлері – балаларға үлгі болатын тұлғалар. Сондықтан сіздердің қауіпсіздік дағдыларыңыз да жоғары деңгейде болуы тиіс», – деді.
Сабақ барысында мұғалімдер практикалық кеңестер алды, күнделікті өмірде және мектеп аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын талқылады. Сонымен қатар, заманауи технологияларды пайдалана отырып, интернет қауіптерінен қорғану әдістері, желідегі алаяқтық әрекеттерді анықтау және оларға жол бермеу тәсілдері егжей-тегжейлі көрсетілді.
Бұл іс-шараның маңыздылығы тек білім беру саласы қызметкерлерін ақпараттандырумен шектелмейді. Мұндай кездесулер мектеп ұжымы мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімділікті нығайту, тәжірибе алмасу және қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыруға үлес қосады. Сабақ соңында қатысушылардың пікірлері тыңдалып, ұсыныстар жинақталды, бұл өз кезегінде болашақта осындай іс-шараларды тиімдірек ұйымдастыруға мүмкіндік береді.