
Қару айналымы саласындағы заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта ағымдағы жылдың 2–14 ақпаны және 2–20 наурызы аралығында Абай облысының аумағында екі кезеңнен тұратын «Қызметтік қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – ұйымдар мен заңды тұлғалардың қызметтік және спорттық қаруды, сондай-ақ оған арналған патрондарды сатып алу, сақтау, алып жүру, есепке алу, беру және пайдалану тәртібін реттейтін заңнама талаптарының сақталуын мемлекеттік деңгейде бақылау болып табылады.
Іс-шара барысында қару айналымын бақылау жөніндегі полиция қызметкерлері қаруды сақтауға арналған үй-жайлардың техникалық нығайтылуына, олардың қолданыстағы талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударуда. Атап айтқанда, сақтау орындарының бейнебақылау камераларымен жабдықталуы, камералардың үздіксіз жұмыс істеуі, сондай-ақ оларды оператор-фирмалардың орталықтандырылған бақылау пункттеріне қосу мәселелері жан-жақты тексерілуде. Бұдан бөлек, заңды тұлғалардың басшылары мен қаруға жауапты қызметкерлерінің заң талаптарын білуі және оларды бұлжытпай орындауы да бақылауға алынуда.
Жедел-профилактикалық іс-шараның бірінші кезеңі барысында полиция қызметкерлері қызметтік қаруды сақтау және пайдалану орындары бар 49 объектіні тексерді. Тексеру нәтижесінде қару айналымы саласындағы заңнама талаптарын бұзудың 3 фактісінің жолы кесілді.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ержан Ақбаевтың айтуынша, «Қызметтік қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы ең алдымен қару айналымы саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
«Қару – аса қауіпті құрал. Сондықтан оны сақтау, есепке алу және пайдалану мәселелеріне немқұрайлы қарауға болмайды. Қызметтік және спорттық қаруы бар әрбір ұйым қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында біз қаруды сақтауға арналған үй-жайлардың техникалық талаптарға сәйкестігін, бейнебақылау жүйелерінің болуы мен олардың үздіксіз жұмыс істеуін, сондай-ақ жауапты тұлғалардың заң талаптарын орындауын тексерудеміз », – деді ол.
Бұл іс-шара профилактикалық сипатқа ие бола отырып, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қарудың заңсыз айналымына жол бермеуге және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Қару сақтауға және пайдалануға рұқсаты бар барлық ұйымдар мен заңды тұлғаларға қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығы тағы да ескертіледі.