Сібір елігі үй ауласынан табылды: Семей қаласының полицейлері жануарды биологиялық орталыққа тапсырды

Сібір елігі үй ауласынан табылды: Семей қаласының полицейлері жануарды биологиялық орталыққа тапсырды

Семей қаласы Полиция басқармасының «102» арнасына Водный кентінің тұрғынынан хабарлама келіп түсті. Оның айтуынша, өз үйінің ауласынан мойнында қарғыбауы бар елік табылған.

Оқиға орнына жедел түрде табиғатты қорғау полициясының инспекторлары барды. Тексеру барысында жануардың сібір елігіне жататыны анықталды. Еліктің физикалық жағдайы қанағаттанарлық, мінез-құлқы жуас болған, бұл жабайы жануарға тән емес. Мойнында қарғыбау бар, ал артқы тұяғында бұрынғы жарақаттың жазылып кеткен ізі байқалған.

Анықталған мән-жайларды ескере отырып, мамандар жануардың бұрын адамдар қолында болғанын және табиғи ортада өз бетінше өмір сүре алмайтынын болжады. Осыған байланысты елікті әрі қарай күтіп-бағу және бақылау үшін Семей қаласының биологиялық орталығына тапсыру туралы шешім қабылданды.

 Полиция ескертеді: жабайы жануарларды табиғи ортадан заңсыз алу Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы болып табылады және заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

Жараланған, әлсіреген немесе мінез-құлқы әдеттен тыс жабайы жануарларды анықтаған жағдайда азаматтардан дереу уәкілетті органдарға немесе «102» арнасына хабарлауды сұраймыз.