
Аягөз аудандық полиция қызеткерлеріне Алматы-Өскемен тас жолында Аягөз қаласына 45 шақырым жетпей техникалық ақаудан, көлік қозғалтқышы істен шығып, тоқтап қалған көлік туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу Аягөз қаласының 304 борт нөмірлі патрульдік полициясы шықты.
Көлік жүргізушісі жолда қалған сәтте қауіпсіздік жағынан қиын жағдайға тап болды. Тас жолдың бойындағы жарықтың жоқтығы, сондай-ақ ауа-райының өзгеруі қосымша қиындық туғызған. Алайда, патрульдік полицияның қызметкерлері тез арада оқиға орнына жетіп, жағдайды бағалады.
Аягөз қаласының патрульдік полиция взводының командирі полиция капитаны Асет Жанахметовтың айтуынша, бұл жағдайда полицейлердің басты міндеті – жүргізушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болған. Полиция қызметкерлері көліктің тоқтап қалған жеріне жеткен соң, азаматтың және жолаушылардың денсаулығына ешқандай қауіп жоқтығын анықтады. Бірақ жолда қалған көліктің жағдайы мен ауа-райының ерекшеліктері олардың әрі қарай жүруіне кедергі келтіруі мүмкін еді.
Полиция қызметкерлері дереу жүргізуші мен жолаушыларды жақын маңдағы қонақ үйге жеткізген. Оларды орналастыру, қажетті жағдай жасау және әрі қарайғы әрекеттерді жоспарлау жұмыстары жасалды. Бұл жағдайда полиция қызметкерлері өздерінің кәсібилігін және адамдарға көмек көрсетуге деген дайындықтарын көрсетті.
Ал көлік жүргізушісі болса өз сөзінде:
"Қиын жағдайда қалғанда бірінші болып көмекке келгендер – Аягөз қаласының патрульдік полициясының 304 борт нөмірлі қызметкерлері болды. Бірден жетіп, мені қауіпсіз жерге көшіруге көмектесті. Олар жай ғана полиция емес, шұғыл әрекет етіп, нақты жұмыс істеді. Полиция қызметкерлері мені жақын маңдағы қонақ үйге жеткізіп, сонда орналастырды. Олар менің жағдайымды толық тексеріп, қажет болғанда әрі қарай көмектесуге дайын екенін білдірді" деді.
Капитан Асет Жанахметов атап өткендей, мұндай жағдайларда көмек көрсету полицияның басты міндеттерінің бірі болып табылады. Ол сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздік пен халықтың жағдайын ескере отырып, Аягөз қаласының патрульдік полициясы қызметінің күнделікті жұмысында мұндай шұғыл шаралардың жиі жасалатынын айтты. Полиция қызметкерлері халықпен тығыз байланыста жұмыс істейді, бұл олардың сенімділік деңгейін арттырып, тұрғындарға көмектесуді жеңілдетеді.