
Абай облысының полиция қызметкерлері аға буын өкілдерімен цифрлық қауіпсіздік және интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша оқу шарасын ұйымдастырды. Шара барысында қатысушыларға электрондық мемлекеттік және қаржылық қызметтерді тиімді пайдалану жолдары, дербес деректерді қорғаудың маңызы, сондай-ақ киберқауіпсіздіктің негізгі принциптері туралы түсіндірілді.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі — интернет-алаяқтықтың түрлері мен олардан қалай сақтануға болатынына қатысты болды. Қатысушыларға алаяқтықтың жаңа әдістері мен олардан қорғанудың нақты тәсілдері көрсетіліп, алдамшы хабарламалар мен күмәнді қоңыраулардан сақ болу туралы кеңестер берілді.
Ерназ Тұрлыбеков киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, өзінің сөзінде:
«Қазіргі уақытта «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Мұндай кездесулер оқушылар, студенттер, медицина қызметкерлері және түрлі жас санатындағы азаматтармен үнемі ұйымдастырылады. Біз азаматтарды күмәнді қоңырауларға сенбеуге және жеңіл табыс ұсынатын хабарламалардан сақ болуға шақырамыз», — деді.
Шара барысында сондай-ақ жасанды интеллект технологияларының күнделікті өмірде қалай қолданылатыны, цифрлық қауіпсіздікке қатысты жаңа мүмкіндіктер мен қауіптер жайлы да сөз болды. Мақсат — қоғамды цифрлық сауаттылыққа тәрбиелеу, интернеттегі қауіптерден сақтану және онлайн алаяқтықтың алдын алу.