
Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде.
Профилактикалық рейдтер барысында Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару деректерін анықтады. Бұл – қоғам қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін өрескел құқық бұзушылықтардың бірі.
Атап айтқанда, Ақсуат ауданында полиция қызметкерлері Chevrolet Tracker маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында көлік жүргізіп келе жатқан 73 жастағы азаматтың алкогольдік масаң күйде екені белгілі болды. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізуші орташа дәрежедегі масаң күйде болған. Бұл дерек егде жастағы жүргізушілердің де жолдағы жауапкершілікті толық сезінуі қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті.
Сондай-ақ, осындай құқық бұзушылық Бақты – Таскескен автожолында тіркелді. ВАЗ-2114 автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі көлік құралын алкогольдік ішімдік ішкен күйде басқарған. Медициналық тексеру нәтижесінде оның да орташа дәрежеде масаң күйде болғаны анықталды. Аталған екі жағдай да жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірген.
Абай облысы Полиция департаменті алкогольдік масаң күйде көлік басқару – тек заң бұзушылық қана емес, орны толмас қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін әрекет екенін ерекше атап өтеді. Мұндай жауапсыздық жүргізушінің өз өміріне ғана емес, жолдағы өзге адамдардың, жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.
Аталған екі жүргізушінің де көлік құралдары айыппұл тұрағына орналастырылып, өздері 15 күнге әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл көлік құралын басқару құқықығынан айырылды.
Абай облысы Полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды көлік құралын масаң күйде басқармауға, жол жүру ережелерін қатаң сақтауға және өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға шақырады. Заң талаптарын бұзу қатаң жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз.