Абай облысында 1,5 миллион теңге көлеміндегі алаяқтыққа қатысы бар күдікті ұсталды

Абай облысында 1,5 миллион теңге көлеміндегі алаяқтыққа қатысы бар күдікті ұсталды

Семей қаласының полициясына 49 жастағы жергілікті тұрғын жүгініп, 2025 жылдың тамыз айында алаяқтықтың құрбаны болғанын хабарлаған.

Жәбірленушінің айтуынша, танысы ұялы телефонын уақытша пайдалану сылтауымен алдап, сеніміне кіріп, оның атына несие рәсімдеген, кейін ақшалай қаражатты иемденіп кеткен. Келтірілген шығын көлемі 1 500 000 теңгені құрады.

«Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Семей қаласының 23 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Ұрланған қаражат жұмсалып кеткендіктен тәркіленген жоқ.

Аталған дерек бойынша «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бір мың сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Сондай-ақ мүлкін тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айыру немесе онсыз да қарастырылған.

Абай облысы Полиция департаменті азаматтарға қырағылық танытып, бөгде адамдарға ұялы телефондарын және жеке деректерін бермеуге кеңес береді.