
Абай облысы Полиция департаментінің Күзет қызметін бақылау бөлімшесі облыстық Білім беру басқармасымен бірлесіп, өңірдегі білім беру ұйымдарының басшыларын және жеке күзет ұйымдарының өкілдерін қатыстырған жұмыс кездесуін ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – білім беру нысандарында қауіпсіз әрі тұрақты орта қалыптастыру, сондай-ақ қолданыстағы заңнама талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің «Білім беру ұйымдарында күзет қызметтерін сатып алу тәртібі туралы» бұйрығының талаптары егжей-тегжейлі қарастырылды. Атап айтқанда, күзет қызметтерін сатып алу кезінде конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі, техникалық және кәсіби талаптар, жеке күзет ұйымдарының жауапкершілігі мен міндеттері түсіндірілді. Полиция қызметкерлері білім беру нысандарының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін негізгі факторларға тоқталып, тәуекелдердің алдын алу, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмдері мен өзара іс-қимыл тетіктеріне ерекше назар аударды.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан өзекті сұрақтар қойылып, практикалық ұсыныстар айтылды. Білім беру ұйымдары басшыларының қауіпсіздік саласындағы жауапкершілігін арттыру, күзет қызметінің сапасын бақылау және құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнату қажеттігі атап өтілді. Кездесу қорытындысы бойынша білім беру мекемелерінде қауіпсіздік талаптарын күшейту, конкурстық рәсімдерді ашық әрі заң талаптарына сай өткізу және балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыру жөнінде нақты міндеттер айқындалды.