
Семей қаласында «Заң мен Тәртіп: ЖКО құрбандарын еске алу күні» форумы өтіп, оған 500-ден астам студент, полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері, сарапшылар қауымдастығы мен IT-мамандар қатысты. Іс-шара жол-көлік оқиғаларында қаза тапқан студенттерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Бұл символдық сәт форумның негізгі идеясын айқындады — адам өмірі құрғақ статистикаға айналмауы тиіс.
Полиция қызметкерлері Абай облысындағы жол-көлік оқиғаларына талдау ұсынып, бірқатар алаңдатарлық тенденцияларды атап өтті.
Есепті кезеңде 896 ЖКО тіркеліп, 74 адам қаза тауып, 1321 адам жарақат алған. Әсіресе жасөспірімдерге қатысты көрсеткіштер ерекше алаңдаушылық туғызады: зардап шеккендер арасында 328 кәмелетке толмаған жас бар, оның ішінде 48-і — студенттер.
Бұл статистика жастардың жол қозғалысына қатысушылардың ең осал санатының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Әрбір жол ережесін бұзу — өз өміріңе де, өзгенің өміріне де қауіп төндіреді.
Форум барысында ІІМ цифрландыру мәселелері, жол-көлік оқиғаларының себептері, профилактика бағыттары, қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениеті, сондай-ақ «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілетудегі студенттердің рөлі талқыланды. Abai IT-Valley әзірлеушілері жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа мобильдік қосымшаны таныстырды.
Іс-шара аясында жол жүрісі қағидалары туралы студенттік бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталып, «үлгілі студент-жүргізуші» анықталды.
Форум қоғамға айқын үндеу жолдады: жол қауіпсіздігі — мемлекет, жастар және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.