Құрмет пен ерлік – ұрпақтар сабақтастығы

Құрмет пен ерлік – ұрпақтар сабақтастығы

2025 жылғы 10 қарашада Семей қаласында Ішкі істер органдары ардагерлері күніне арналған салтанатты концерт өтті. Іс-шара М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» залында ұйымдастырылды.

Салтанатқа ардагерлер, департамент басшылығы, полиция қызметкерлері, сондай-ақ «Жас сарбаз» және «Жас сақшы» әскери-патриоттық қозғалыстарының тәрбиеленушілері қатысты.

Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Эльдар Нұрланұлы Данияров жиналғандарға арнаған сөзінде ардагерлердің қызметтік мұрасы – полицияға деген сенім мен әр қызметкердің кәсіби абыройының негізі екенін атап өтті:

«Ішкі істер органдарының ардагерлері – біздің тірі тарихымыз, ерлік пен табандылықтың, іске адалдықтың үлгісі. Жас буын полицейлері дәл Сіздердің тәжірибелеріңіз бен қағидаттарыңыз негізінде тәрбиеленеді. Ұрпақтар сабақтастығы – жай ғана дәстүр емес, бұл – біздің күшіміз бен мақтанышымыз», – деді Эльдар Данияров.


Ардагерлерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар ресми түрде табысталды.

Ардагерлерге жылы лебіздерін милиция генерал-майоры Геннадий Цимбал, полиция полковнигі Жұмағазы Оразов, милиция подполковнигі Талғат Бекқасымов және полиция майоры Төлеугайша Төлеубекова білдірді. Олар қызмет жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, бірлік пен ұрпақтар сабақтастығының маңызын атап өтті.

Бүгінде Абай облысын Полиция департаментінде 3 765 ардагер есепте тұр. Олардың басым бөлігі қоғамдық өмірге және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге белсенді үлес қосып келеді.

Шараның мерекелік атмосферасын патриоттық әндер мен полиция ардагерлеріне арналған бейнеролик толықтырды. Іс-шара алғыс сөздерімен және естелік суретке түсумен аяқталды.