
Өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автомобиль жолдарының тиісті жай-күйін бақылау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жүргізілген тексерістердің қорытындысы бойынша жыл басынан бері жолдарды күтіп-ұстау және пайдалану саласындағы заңнама талаптарын бұзған 182 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жауапкершілікке тартылғандардың қатарында жол-көлік инфрақұрылымының жай-күйі мен қызмет көрсетуіне жауапты республикалық және жергілікті ұйымдар бар.
Мәселен, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-ға қатысты облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жол учаскелерін күтіп-ұстау жөніндегі міндеттемелерін тиісінше орындамауға байланысты 30 құқықбұзушылық фактісі анықталды. Тексерістер нәтижесінде қоқыстар мен жол жиектерін уақтылы тазалау жүргізілмегені, шұңқырларды жөндеу толық көлемде орындалмағаны, кейбір жол учаскелерінің қанағаттанарлықсыз күйде екені анықталды.
Қалалар мен аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық органдары тарапынан 55 құқықбұзушылық тіркелген. Олардың қатарында қалаішілік көшелердегі шұңқырларды уақтылы жоюдың болмауы, жол белгілерінің дұрыс орнатылмауы немесе істен шығуы, жол таңбаларының болмауы, сондай-ақ жаяу жүргінші тротуарлары мен су ағызу жүйелерінің тиісті деңгейде күтілмеуі бар.
Бұдан бөлек, жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын орындамаған 97 мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кейбір нысандарда ескерту белгілері мен қоршаулар орнатылмаған, жер жұмыстары аяқталғаннан кейін жол жамылғысы қалпына келтірілмеген.
Тексеріс барысында бірқатар ұйымдар жол жамылғысын уақтылы жөндеу, жол жиектерін тазалау, тиісті белгілер мен қоршауларды орнату жұмыстарын орындамағаны анықталды. Сондай-ақ теміржол өткелдері мен жасанды құрылыстарды күтіп-ұстау нормаларының бұзылған жағдайлары тіркелді.
Мұндай заңбұзушылықтар жол-көлік оқиғаларына себеп болып, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
Абай облысының полицейлері жол инфрақұрылымының жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, тексеру шараларын жүзеге асырады, анықталған заңбұзушылықтарды тіркеп, материалдарды уәкілетті органдарға шара қабылдау үшін жолдайды.
Абай облысы Полиция департаменті жолдардың тиісті деңгейде күтіп-ұсталуы оларды баланста ұстаушы ұйымдардың тікелей міндеті екенін еске салады. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды орындамау немесе ақауларды дер кезінде жоймау әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Өңірдегі автомобиль жолдарының жай-күйін бақылау және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыс тұрақты негізде жалғасуда.