Абай облысында "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында нақты тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар тексерілуде
Абай облысының аумағында өткізіліп жатқан "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері оғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету бағытында бірқатар кешенді іс-шаралар ұйымдастыруда.
Аталған іс-шара барысында облыс аумағында нақты тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтарды анықтау және олардың жағдайын зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары мен тиісті қызмет өкілдері тарапынан жертөлелер, қараусыз қалған және қаңырап бос тұрған үйлер, саяжай құрылыстары мен жылу трассаларына жүйелі түрде тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мүмкін болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында іске асырылуда.
Іс-шара нәтижесінде бүгінгі күнге дейін өмірлік қиын жағдайға тап болған, тұрғылықты мекенжайы жоқ 34 азамат анықталды. Анықталған тұлғалармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, олардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарды қолдау арқылы оларды қоғамға қайта бейімдеу болып табылады.
Сонымен қатар, ішкі істер органдары тарапынан нақты тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалармен тұрақты түрде профилактикалық жұмыс жүргізіледі.
Бұл бағыттағы профилактика шараларына құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылыққа жол бермеу, зиянды әдеттерден арылуға көмектесу және әлеуметтік бейімделуге бағытталған түсіндіру жұмыстары кіреді.