Абай облысында республикалық деңгейде өткізіліп жатқан «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында азаматтық қару иелерін тексеру жұмыстары жүргізілді.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – қару айналымы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Тексеру нәтижесінде облыс аумағында тіркелген 2500-ге жуық азаматтық қару иесі бақылаудан өтті. Құқық қорғау органдары өкілдері әрбір қару иесінің құжаттарын, қару сақтау жағдайын және заңнама талаптарының орындалуын мұқият тексерді.
Нәтижесінде,18 заң бұзушылық фактісі анықталды.
Бұл бұзушылықтар қатарында:
қаруды сақтау тәртібін бұзу,
тіркеу құжаттарының мерзімінің өтіп кетуі,
қаруды арнайы бекітілген орындарда сақтамау сияқты жағдайлар бар.
Сонымен қатар, рейд барысында 8 тіркелмеген атыс қаруы анықталып, тәркіленді.
Абай облысының Полиция департаменті барлық қару иелеріне заңнама талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Қару – бұл жай құрал емес, жоғары жауапкершілікті талап ететін мүлік. Әрбір азамат қаруды сақтау мен пайдалану ережелерін жетік біліп, оны бұлжытпай орындауға міндетті.