Абай облысында қызметтік иттердің көмегімен 60 іс ашылды

Абай облысында қызметтік иттердің көмегімен 60  іс ашылды

Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының қызметінде озық әдістер мен құралдарды қолдану – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігіне айналып отыр. Соның ішінде қызметтік иттердің рөлі ерекше. Олар полиция қызметінің тиімділігін арттырып, түрлі құқық бұзушылықтардың жолын кесуге ықпал етуде.
Абай облысы Полиция департаментінде өңір бойынша 21 қызметтік ит полицияда қызмет етуде. Аталмыш иттер арнайы даярлықтан өткен және түрлі бағыттар бойынша – есірткі заттарын іздеу, жарылғыш заттарды анықтау, із кесу, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқаруға қабілетті.
2025 жылдың басынан бері қызметтік иттердің көмегімен Абай облысында түрлі санаттағы 60 қылмыстық іс ашылды. Бұл көрсеткіш қызметтік иттердің полиция қызметіндегі маңызы мен олардың қоғамдық қауіпсіздікке қосқан өзіндік үлесін көрсетіп отыр.
Абай облысы Полиция департаменті Кинологиялық қызмет орталығының бастығы полиция подполковнигі Дулан Тугомбаевтың айтуынша, қызметтік иттер тек қылмыстарды ашуда ғана емес, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау, терроризмге қарсы іс-қимыл және қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында да маңызды рөл атқарады.

– Қызметтік иттер полиция қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Кинологтармен бірлесіп, олар түрлі қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған жұмыстар атқарып келеді. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тиімді тетіктердің бірі, – деді полиция подполковнигі Д.Тугомбаев.

Қызметтік иттер мен кинологтардың жоғары деңгейдегі дайындығы және қылмыспен күрестегі нәтижелі жұмысы құқық қорғау саласындағы жалпы тиімділікті одан әрі арттыруға ықпал етеді.