Қазақстан және ЕАЭО: Экономикалық жетістіктер мен ел үшін негізгі тиімділігі

Қазақстан және ЕАЭО: Экономикалық жетістіктер мен ел үшін негізгі тиімділігі

Қазақстан Еуразияның тура орталығында орналасқан және оның аумағы арқылы Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты өңірін байланыстыратын маңызды бағыттар өтеді. Бұл біздің елімізді ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан нарықтар арасында байланыстырушы буынға айналдырып отыр.

Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан ашық әрі өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты көздейді. Бұны еліміздің Еуразиялық экономикалық одақ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы сияқты түрлі халықаралық және өңірлік ұйымдарға қатысуынан-ақ көруге болады.

Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) Еуразия өңіріндегі ең тұрақты әрі серпінді дамып келе жатқан экономикалық интеграциялық бірлестіктердің бірі ретінде танылып отыр. Оның басты мақсаты – тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету.
ЕАЭО-ға қатысу инвестиция тартуға, сыртқы сауданың көлемін ұлғайтуға, бірлескен өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға, қолданыстағы және жаңа көлік-логистикалық тізбектерді дамытуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде ел экономикасын жаңғыртуға оң әсерін тигізеді.

Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы негізгі жетістіктер мен артықшылықтар
Ең алдымен, ортақ тауар нарығын қалыптастыру үдерісінде айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады.
ЕАЭО аясында кедендік декларациялау алынып тасталды. Бұл тауарлардың кедергісіз қозғалуын қамтамасыз етіп, бизнестің уақыт және қаржылық шығындарын азайтады.
Мүше мемлекеттер арасында өзара сауда барысында кедендік баж салығы мен алымдар алынбайды, тарифтік емес шектеулер қолданылмайды. Бұл бизнеске экспорт және импорт шығындарын төмендетуге мүмкіндік берсе, халық үшін – бәсекелестіктің артуы есебінен тауарлардың кең таңдауына, қолжетімді бағасына және сапасының жоғарылауына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы және Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекарадағы санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық бақылау жойылды. ЕАЭО мүше мемлекеттерінде берілген санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық қауіпсіздік сертификаттары өзара танылады.

Техникалық реттеу саласында қазақстандық кәсіпкерлер өнім қауіпсіздігіне қосымша талаптарды орындаудан (техникалық регламенттерде қарастырылмаған), сәйкестікті бағалаудың қосымша рәсімдерінен босатылды. Бүгінде ЕАЭО елдерінің бірінде бірыңғай үлгімен сәйкестік сертификатын алу арқылы қалған төрт елде де еркін сауда жасауға болады.
Қазіргі уақытта 52 техникалық регламент қабылданып, оның 48-і күшіне енді. Олар ЕАЭО ортақ нарығында айналымда жүрген өнімдердің шамамен 90%-ын қамтиды.

Мемлекеттік сатып алу саласында ұлттық режим енгізілген, яғни ЕАЭО-ға мүше қай елден келгеніне қарамастан, барлық жеткізушілер үшін тең жағдай жасалған. Қазақстан Республикасының ЕАЭО мүше мемлекеттерінің мемлекеттік сатып алуларына қатысуы арқылы отандық бизнес көлемі шамамен 135 млрд АҚШ долларына тең нарыққа қатысуға мүмкәндік алып отыр.

Салықтық реттеу саласында қосарланған салық төленбейді. Қосымша құн салығы тағайындалған ел қағидаты бойынша төленеді. Жұмыс күші нарығы да жоғары деңгейде ырықтандырылды.
Атап айтқанда, ЕАЭО аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы азаматтары үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мысалы, ҚР азаматтарына ЕАЭО елдерінің азаматтарымен тең негізде әлеуметтік қамтамасыз ету мен тегін медициналық көмек алу құқығы беріледі.


Қазақстан Республикасы азаматтарының білім туралы құжаттары ЕАЭО елдерінде мойындалу рәсімінсіз танылады (медициналық және фармацевтикалық қызметтен басқа). Сонымен қатар, ҚР азаматтарының ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру барысында жинақтаған зейнетақы құқықтарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану құқығы бар.
PhD философия докторы, бейіндік доктор, ғылым кандидаты және ғылым докторы дәрежелері туралы құжаттар өзара танылады.

Қызмет көрсетулердің бірыңғай нарығының салалары кеңейіп келеді.
Бүгінгі таңда 135 қызмет саласы ортақ форматқа ауыстырылды. Қызметтердің бірыңғай нарығы отандық кәсіпкерлерге Қазақстанда алынған рұқсат негізінде ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында қосымша заңды тұлға құрмай-ақ қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан — ең ірі әрі теңізге тікелей шығатын жолы жоқ мемлекеттердің бірі (Бұл жағдайда ЕАЭО аясында қазақстандық тасымалдаушыларға теңіз порттарына дейін ішкі теміржол тарифтерін ұсыну жөнінде міндеттемелер бар, бұл қазақстандық бизнестің қаржылық шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Капитал қозғалысының еркіндігі қаржы нарығының үш секторы – банк, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы бойынша заңнаманы үйлестіру шаралары арқылы қамтамасыз етіледі.
Ортақ қаржы нарығын іске асыру мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарына кемсітусіз қол жеткізуді, банк, сақтандыру және бағалы қағаздар секторларындағы лицензияларды өзара мойындауды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін кепілдендірілген және тиімді қорғауды қамтамасыз етеді.

Жалпы алғанда, ЕАЭО кедендік шекаралары жоқ, халқы 185,5 млн адамнан асатын және жалпы ішкі өнімі 2 триллион АҚШ долларынан асатын ауқымды нарық болып саналады.

Осылайша, бұл отандық өндірушілерге ЕАЭО-ға мүше елдердің нарығына тауарлар мен қызметтерді ілгерілету үшін кедергісіз қол жеткізуге, сондай-ақ инвесторлар үшін тек Қазақстан нарығына ғана емес, ЕАЭО нарығына да шығу мүмкіндігін ескере отырып, өндірістерді ашу үшін инвестициялар тартуға жол ашады.

Жалпы, ЕАЭО-ның 10 жылдық қызметі Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштеріне оң әсерін тигізді.

Мұны нақты сандар дәлелдейді. Қазақстанның ЕАЭО серіктестерімен өзара сауда көлемі 87,1%-ға артты (2015 ж. – 16,3 млрд АҚШ доллары, 2024 ж. – 30,5 млрд АҚШ доллары). Үшінші елдермен сауда өсімі 84,4%-ды құрады (2015 ж. – 60,2 млрд АҚШ доллары, 2024 ж. – 111 млрд АҚШ доллары).

Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты жұмыс істеген кезеңде 115,7%-ға өсті (2015 ж. – 5,1 млрд АҚШ доллары, 2024 ж. – 11 млрд АҚШ доллары).

2024 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінен Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 6 есе артып, 4 млрд АҚШ долларын құрады (2015 ж. – 0,6 млрд АҚШ доллары, 2024 ж. – 4 млрд АҚШ доллары).

Үшінші елдерден тартылған инвестициялар көлемі 2024 жылы 13,1 млрд АҚШ долларын құрады (2015 ж. – 14,8 млрд АҚШ доллары). Бұл да Қазақстанның ЕАЭО-ның ортақ нарығының бір бөлігі екендігін көрсетеді.

Қазақстанның ЖІӨ-і де оң динамика көрсетті – 2024 жылды 2015 жылмен салыстырғанда өсім 56,2%-ды құрады.

Сондай-ақ, ЕАЭО аясында Вьетнаммен, Сербиямен және Иранмен жасалған еркін сауда туралы келісімдер Қазақстан үшін айтарлықтай нәтиже берді:

  • Вьетнаммен келісім күшіне енген 8 жылда тауар айналымы 55%-ға өсіп, 859,4 млн АҚШ долларына жетті;
  • Иранмен уақытша келісімнің 5 жылында – 40%-ға өсіп, 340,1 млн АҚШ долларын құрады;
  • Сербиямен үш жыл ішінде – 35,1%-ға өсіп, 100 млн АҚШ долларына жетті.

Сонымен қатар, Сингапурмен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылды, ол қазір күшіне ену үшін ішкі мемлекеттік рәсімдерден өтуде.
Қазіргі таңда БАӘ, Моңғолия және Индонезиямен осындай келісімдер бойынша келіссөздер аяқталу сатысында.
Қазақстандық тауарлардың бұл нарықтарға экспортын ұлғайту әлеуеті 1,5 млрд АҚШ долларынан асады.
Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық комиссияның болуы – тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін туындайтын мәселелерді жедел қарауға және шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Комиссия – мүше мемлекеттердің өкілдері интеграциялық мәселелердің барлық спектрі бойынша өзара тиімді шешімдер әзірлейтін алаң.
Мысалы, ЕАЭО жұмыс істеген уақыт ішінде дәлелденген 70 кедергінің 69-ы жойылды.
Осылайша, қабылданған келісімдер мен қалыптасқан жағдайлар еліміздің ұлттық экономикасын дамытуда үлкен мүмкіндіктер ашады.