ЕАЭО елдері «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарында көлік дәліздерін дамытуды жалғастыруда

ЕАЭО елдері «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарында көлік дәліздерін дамытуды жалғастыруда

Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО елдерімен бірлесіп, «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарында еуразиялық көлік дәліздерін қалыптастыру бойынша 2024 жылғы  кешенді жұмысын қорытындылады.

Құжатта ЕАЭО аясында транзиттік әлеуетті дамыту және еуразиялық көлік дәліздері мен бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат көрсетілген.

Айта кету керек, 2024 жылы ЕАЭО елдерінің көлік саласындағы басым интеграциялық инфрақұрылымдық жобалар тізімі Қазақстан мен Қырғызстанның екі жаңа жобасымен толықтырылды.

Қазіргі уақытта тізім еуразиялық көлік дәліздері мен бағыттарын дамытуға бағытталған 11 басым жобаны қамтиды.

Еуразиялық көлік дәліздерін құруға және дамытуға, көлік инфрақұрылымын дамытуды үйлестіруге бағытталған іс-шаралар жоспары қабылданды.

Мысалы, осы жоспарда ЕАЭО шеңберінде электрондық көлік құжаттарын дамыту және енгізу, көлік инфрақұрылымының «тар жерлерін» жою және теміржол көлігімен тасымалдауды дамыту жөнінде ұсыныстар дайындау, ЕАЭО шеңберінде мүше мемлекеттердің интеллектуалды көлік жүйелерінің өзара іс-қимылы және басқалар көзделген.

Көлік құралдарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы 29 қарашада ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің автомобиль жолдарымен жүру кезінде көлік құралдарының рұқсат етілген массалары, осьтік жүктемелері мен габариттері туралы келісімге қол қойылды.

Келісім Еуразиялық көлік дәліздеріне кіретін жолдармен жүру кезінде көлік құралдарының рұқсат етілген массалары, осьтік жүктемелері мен габариттерін белгілейді, бұл шекарадан өту рәсімдерін жеңілдетуге және көлік қызметінің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, 2024 жылдың қарашасында ЕАЭО елдерінде халықаралық жүк автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде E-cmr электрондық халықаралық көлік жүкқұжаттарын қолдану бойынша пилоттық жоба басталды.

Пилоттық жобаны іске асыру көлік құжаттарын алу және тексеру үдерісін жеделдетуге, сондай-ақ көліктік, логистика және  бақылау-қадағалау рәсімдерін жүзеге асыру кезіндегі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, теміржол көлігі 2024 жылы ЕАЭО-да жүк жеткізудің негізгі түрі болып қала беретіні, оның ішінде теміржол көлік түрлерінен жүктерді тасымалдау көлемі бойынша тасымалдау индексі 105,0%-бен Қазақстан ең жоғары өсім көрсеткенін айта кету керек.

Автомобиль көлігі жүк тасымалдаудың тұрақты көрсеткіштерін қамтамасыз етті, 2024 жылы көлемнің ең көп өсуі Қазақстан мен Қырғызстанда байқалады.

Жалпы, 2024 жылы ЕАЭО елдері ұлттық көлік инфрақұрылымының учаскелерін, оның ішінде «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарындағы халықаралық көлік дәліздеріне енгізілген учаскелерді жедел дамыту, логистикалық қызметтерді құру бойынша белсенді жұмыс жүргізді.

Мысалы, Қазақстан Республикасында Достық-Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды.

Ұзындығы 272 шақырым болатын Бақты-Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы жалғасуда. Бұл желі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28-ден 48 млн тоннаға дейін арттырады.

«Солтүстік-Оңтүстік» бағытында ұзындығы 152 шақырым Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы жалғасуда.

Бұл бағыт қазіргі Сарыағаш-Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа желіге қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясында жүктемені азайтуға және Өзбекстанға экспорттық жөнелтілімдерді арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл туралы және тағы басқа ақпарат 2025 жылдың екінші жартысында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларына ұсынылатын баяндамада көрсетілген.