Астана қаласындағы Maksut Narikbayev University-де «Экспорттық акселерация-2025» роуд-шоуы аясында «BeNeLux – Kazakhstan Trade Talks» дөңгелек үстелі өтті. Іс-шара Қазақстан мен БеНиЛюкс елдері арасындағы сауданы дамыту мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Дискуссияға мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында «QazTrade» АҚ басқарушы директоры Айнұр Амирбекова, Бельгия Корольдігі елшілігінің миссия басшысы Антуан Бинаме, «БеНиЛюкс Сауда Палатасы» ЗТБ бас директоры Арман Кумисбаев, аталған палатаның бас директорының орынбасары Ирина Ли, сондай-ақ Халықаралық сауда палатасының, «Kazakh Export» АҚ және Astana-Nan, AgroNordExport, SpaceLab сияқты қазақстандық компаниялардың өкілдері болды.
Кездесу барысында экспортты дамыту және БеНиЛюкс елдеріндегі бизнес мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қарастырылды. Қазақстандық компаниялардың еуропалық нарыққа шығуы кезіндегі кедергілер мен қиындықтар, сондай-ақ халықаралық деңгейде жұмыс істеп жүрген отандық кәсіпорындардың табысты тәжірибелері талқыланды. Қатысушылар экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шараларының маңыздылығын және сыртқы экономикалық қызметті дамытудағы сауда палаталарының рөлін ерекше атап өтті.
Дөңгелек үстел Қазақстан мен БеНиЛюкс елдері арасындағы өзара тиімді әріптестікті дамытуға деген үлкен қызығушылықты көрсетті. Спикерлер мемлекеттік құрылымдар, бизнес және халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтті, сондай-ақ қазіргі экономикалық жағдайды ескере отырып, сауда байланыстарын кеңейту бойынша нақты қадамдарды ұсынды.
«Экспорттық акселерация-2025» бағдарламасы өз жұмысын жалғастырып, қазақстандық компанияларға жаңа нарықтарды игеруге және жаһандық деңгейде өз позицияларын нығайтуға көмектесуде.