2024 жылғы 7 маусымда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде өнеркәсіптік кооперацияны қаржыландырудың жаңа механизмі іске қосылды. Бұл механизм банктік несиелер мен қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялайды. Жоба компанияларға бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қаржылық қолдау алуға мүмкіндік береді.
Субсидиялауға өтініш беру үшін жоба келесі критерийлерге сай болуы қажет:
- Өнеркәсіп саласына жатуы керек.
- Жобада ЕАЭО-ның кем дегенде үш елінен компаниялар қатысуы тиіс.
Субсидия алудың тәртібі бірнеше кезеңнен тұрады:
-Кәсіпорындар құжаттарды ұлттық қаржы ұйымына тапсырады (қатысушы қаржы ұйымдарының тізімі 2023 жылғы 12 желтоқсандағы № 47 ЕЭК Кеңесінің Қаулысымен бекітілген).
-Қаржы ұйымы субсидиялау механизміне қатысу үшін өтінішті Комиссияға жібереді.
- Жобаны ЕАЭО елдерінің және ЕЭК мамандарынан тұратын сараптамалық топ қарайды. Топ құжаттарды сараптайды.
- Сараптама тобының ұсынысымен жоба ЕАЭО органдарында қаралып, Комиссия Кеңесі соңғы шешімді қабылдайды.
Қазіргі таңда Қазақстанның «Kazrost Engineering Ltd» компаниясына субсидиялау мақұлданды. Компания ауылшаруашылық техникаларын өндіреді. Өндірісте Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан алынған қосалқы бөлшектер пайдаланылады. Бұл шара компанияға банкке төленетін қаражатты азайтуға мүмкіндік береді, өйткені банк ставкасының 15,25%-ы субсидияланады. Осылайша жеңілдетілген пайыздық ставка 3%-ды құрайды. Жобаның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын құруға және қазақстандық зауыттардың қуатын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Мәскеу - Санкт-Петербург жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салуға арналған бекіту өнімдерін өндіруге субсидиялау мақұлданды. Бұл жобада Қазақстанның «Астана Қала Құрылыс» компаниясы инженерлік және құрылыс қызметін көрсетеді.
Осылайша, қазақстандық өндірушілер ЕАЭО мүшелерінің қаржылық қаражаты есебінен өндірісін қолдаудың тағы бір мүмкіндігіне ие болды.
Өтініш беру тәртібі және шарттары туралы толық ақпарат алу үшін кәсіпорындар 2023 жылғы 12 желтоқсандағы № 47 ЕЭК Кеңесінің Қаулысымен бекітілген қаржы ұйымдарына жүгінуі қажет. Қазақстанда мұндай өтініштер келесі қаржы ұйымдарында қабылданады:
Халық Банкі
Банк Центркредит
Еуразиялық Банк
First Heartland Jusan Bank
Fortebank
Bereke Bank
ВТБ Банкі
«Al Hilal» Ислам Банкі
Bank RBK
«Фридом Финанс Қазақстан» Банкі
Altyn Bank
Қазақстанның Даму Банкі
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры
Өнеркәсіпті дамыту қоры
Qazaqstan Investment Corporation.