ЕАЭО аккредиттеу органдары басшыларының 25-ші отырысы өтті

ЕАЭО аккредиттеу органдары басшыларының 25-ші отырысы өтті

Армения Республикасының аккредиттеу жөніндегі органының төрағалық етуімен бейнеконференция режимінде Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары басшылары кеңесінің (АОБК) биылғы қорытынды 25-ші отырысы өтті. Ұлттық аккредиттеу орталығынан Бас директор Искандер Хамитов өкілдік етті.

Қатысушылар төрт мәселені, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру тәртібін іске асыру туралы мәселені қарастырды; 2024 жылғы Басшылар кеңесінің жұмыс жоспарының орындалуы және 2025 жылға арналған АОБК жұмыс жоспарын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар туралы; 2025 жылы АОБК-ға төрағалық ету туралы және басқалары.

Күн тәртібін талқылау барысында, атап айтқанда, Қырғыз аккредиттеу орталығының 2024 жылы ЕАЭО мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының ҚАО қатысты өзара салыстырмалы бағалау нәтижелері бойынша қалыптастырылған ұсынымдардың орындалу барысы туралы ақпараты назарға алынды.

Қазіргі уақытта қатысушылар Армения Республикасының аккредиттеу жөніндегі органының өзара салыстырмалы бағалау тобын құруға кірісті. Топ жетекшісі ретінде ҰАО Зертханаларды аккредиттеу департаментін басқаратын Жанара Сағымбаеваның кандидатурасы ұсынылды.

Беларусь Республикасының аккредиттеу жөніндегі органы отырыс шеңберінде өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары сарапшыларының ескертулерін ескере отырып жетілдірілген, осы жылғы 17 желтоқсандағы жұмыс кеңесінде айтылған құжаттар нысандарының жобаларын ұсынды.

ҰАО өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар нысандарын пысықтау бойынша Беларусь мемлекеттік аккредиттеу орталығының жұмысы туралы оң пікір білдірді және ЕАЭО аккредиттеу органдарының өзара салыстырмалы бағалауы бойынша топтарды таңдау және тағайындау туралы рәсімдік құжатты әзірлеу туралы бастама көтерді.

Отырыс қорытындысы бойынша 2025 жылға арналған ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдары басшыларының кеңесіне төрағалық ету Беларусь Республикасына ресми түрде берілді.