СИМ: Делдалдық схемаларды анықтау бойынша мемлекеттік бақылаудың тиімділігі өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге өсті

СИМ: Делдалдық схемаларды анықтау бойынша мемлекеттік бақылаудың тиімділігі өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге өсті

Ағымдағы жылдың 2 мамырында Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен маусымаралық кезеңде ӘМАТ пен көкөніс бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша кеңес өтті. Онда мемлекеттік органдарға делдалдық схемаларды анықтау бойынша тиімді мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Сауда және интеграция министрлігі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің электрондық шот-фактураларын (ЭШФ) талдау арқылы ӘМАТ іске асыру мониторингін тұрақты негізде жүргізеді. Нәтижелер бойынша сауда үстемесі мөлшерін бұзушылар ғана емес, монополияға қарсы заңнаманы реттеуге жататын өнімсіз делдалдар, монополистер, салық органдарында тіркеусіз ӘМАТ көтерме саудада өткізумен айналысатын тұлғалар да анықталады.

Ағымдағы жылдың басынан бері ҚР СИМ аумақтық бөлімшелері 2,5 мыңнан астам тізбекті талдады. Бұл орайда Қазақстан заңнамасын бұзу бойынша 873 факт анықталды. 1022 әкімшілік іс қозғалды, бұл өткен жылғы жұмыс нәтижесімен салыстырғанда 4 есеге жоғары. Сауда үстемесін арттырғаны үшін 5,2 млн теңгеге 840-тан астам әкімшілік қаулы шығарылды, 775 ескерту берілді.

Қабылданған әкімшілік шаралардың саны бойынша ең көп бұзушылықтар Шымкент, Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ Павлодар және Ақмола облыстарында анықталды.

Ірі сауда желілері, сондай-ақ көтерме жеткізушілер мен дистрибьюторлар арасында сауда үстемесі мөлшерін 15 пайыздан асыру мен салық заңнамасының бұзылуы анықталды.

Мысалы, Астананың сауда желісі күнбағыс майын сатып алып, одан әрі сауда үстемесі 17%–55% болатын жеке және заңды тұлғаларға сатқан.

Алматыдағы ірі супермаркет сүт өнімдеріне (сары май және сүзбе) рұқсат етілген сауда үстемесін 43%–55%-дан асырды.

Сауда үстемесінің асып кету фактілері ірі көтерме жеткізушілер тарапынан да анықталды. Мысалы, Қазақстанда жұмыртқа және тауық етін өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі ағымдағы жылғы қаңтар-наурыз айлары кезеңінде басқа көтерме жеткізушілерден және отандық өндірушілерден ӘМАТ тауарларын (қант, тұз, тауық еті, сары май, күнбағыс майы) сатып алып, одан әрі жеке және заңды тұлғаларға рұқсат етілген сауда үстемеақысынан 20%–32%-дан асырып сатты.

Сондай-ақ, ұн өнімдерінің ірі дистрибьюторы бірінші сұрыпты ұн мен макарон өнімдерін сатып алып, одан әрі рұқсат етілген сауда үстемесін 20%–30% -дан асырып сатқан.

Барлық анықталған фактілер бойынша ақпарат уәкілетті органдарға жіберілді.