Былтыр талаптарға сәйкес келмеген 415 құжаттың күші жойылды және қолданысы тоқтатылды – ҚР СИМ

Былтыр талаптарға сәйкес келмеген 415 құжаттың күші жойылды және қолданысы тоқтатылды – ҚР СИМ

Техникалық регламенттерде белгіленген міндетті қауіпсіздік талаптарын сақтау шаралары енгізілмесе, адал отандық өндірушілерді қорғау мүмкін емес.

«Ішкі нарықта мемлекеттік бақылау шараларының мүмкіндіктері шектеулі. Бағасы мен сапасы төмен және қауіпсіздік сертификаты жоқ шетелдік тауарлар нарыққа келе берсе, адал өндірушілер әрқашан бәсекеге қабілетсіз болып қала береді. Ал, өндірістік технологияларды дамыту, барлық стандартты сақтау жөніндегі шаралар бекерге қолданылады», – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Техникалық бақылау комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Ол арзан және сапасыз өнімдер адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін бірнеше мысал келтірді. Оның айтуынша, нақты сынақтар арқылы отандық және импорттық  тауарларды бастапқы тексеруді жеке аккредиттелген зертханалар мен сертификаттау органдары жүргізеді. Осыны ескере отырып, талаптарды бұзып тапсырылған құжаттарды анықтау мен жою, тексерістен өтпеген тауарлардың Қазақстанға әкелінуіне жол бермеу маңызды болып тұр.

Былтыр Техникалық реттеу және метрология комитеті жүргізген мемлекеттік бақылау нәтижесінде талаптарға сәйкес келмейтін 415 құжаттың күші жойылып, қолданысы тоқтатылды. Сертификаттау органдары мен зертханалар сәйкестікті бағалау рәсімдерін бұзып, жалған сынақ нәтижелерін бергені үшін әкімшілік жауапқа тартылады. Олар айыппұл төлеп, аккредиттеу аттестатын уақытша тоқтатады. Ал, бір жыл ішінде заңды қайта бұзғандардың аттестаты мүлдем қолданыстан шығарылады. 

Былтыр Қазақстанда аумақтық департаменттер аккредиттеу субъектілерінің 12 аттестатын уақытша тоқтатып, Ұлттық аккредиттеу орталығы 51 аттестатты кері қайтарып алды.