ЕО көміртегі салығы Қазақстанның өнеркәсіп секторына қалай әсер етеді

ЕО көміртегі салығы Қазақстанның өнеркәсіп секторына қалай әсер етеді

Экономиканы декарбонизациялау саласындағы халықаралық тәжірибені ЭЫДҰ-SIPA және QazTrade қолдауымен Қазақстанның өнеркәсіптік экспорттаушыларына арналған семинарда мемлекеттік сектордың, бизнестің өкілдері, сарапшылар талқылады.

2026 жылдан бастап Еуропа елдері трансшекаралық көміртекті реттеуге көшті. Жаңа көміртегі салығы қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық өніміне де қолданылатын болады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бизнес үшін өтпелі кезең жұмыс істейді, осы мерзім өткеннен кейін шығарындылар үшін көтерілген экологиялық төлемдер өнеркәсіптің 6 секторына әсер етеді. Бұл қара металдар мен алюминий, цемент, тыңайтқыштар, сутегі және электр энергиясын өндіру.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, шекаралық көміртегі механизмін енгізу жетекшілік ететін министрліктермен және өнеркәсіпшілермен бірлесіп үлкен жұмыс көлемін қарастырады. Қазірдің өзінде ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, ол қысқа мерзімде ұсыныстар әзірлеп, қазақстандық кәсіпорындар үшін қандай тәуекелдер бар екенін айқындайды.

«QazTrade» АҚ Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, ЕО-ның «Жасыл бағыты» және шекаралық түзетуші көміртегі салығын енгізу қазақстандық жағдай үшін өзекті. Біздің елдеріміз арасында кең ауқымды бағыттар мен бірлескен бастамаларды қамтитын Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім бар. Өткен жылдан бастап QazTrade Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп экспортқа бағдарланған компаниялар үшін көміртегіге салық салу бойынша ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын жүргізуде. 

«Біздің өндірушілерде жаңа трансшекаралық салық бастамасына қатысты сұрақтар туындайды. Біз ЕО-ның тұрақты даму және декарбонизация мақсаттарын қолдаймыз, бірақ бұл мақсаттар халықаралық саудаға кедергі келтірмеуі тиіс», - деді Нұрлан Құлбатыров.

Бүгінде ЕО елдеріне қазақстандық экспорттың 39%-ы тиесілі. Бұған мұнай, мұнай өнімдері, ферроқорытпалар, көмір, уран, бидай және басқа да тауарлар кіреді. Еуропа елдерінің сауда көлемі оң динамиканы көрсетеді. 2023 жылы Қазақстан ЕО-на 41,4 млрд долларға өнім экспорттады, оның 388,7 млн доллары көміртекті көп қажет ететін тауарларға тиесілі. 

Семинарда Еуропалық комиссияның Салық салу және кеден одағы мәселелері жөніндегі Бас дирекциясының аға сарапшысы Делфин Салард атап өткендей, трансшекаралық реттеу негізінен Қазақстанның 2022 жылғы ЕО-на экспортының жалпы құнының шамамен 0,9% және 0,8%-ын құрайтын қара металлургия мен алюминийдің отандық секторларына әсер етеді. Еуропалық сарапшылар жоғары көміртекті құрамдас бөлігі бар қазақстандық тауарларды жеткізудің өсуін күтуде.

Бірінші кезеңде өнеркәсіптік кәсіпорындар тоқсан сайын Еуропалық Комиссияға экспорт көлемі, өнім өндірумен байланысты парниктік газдар шығарындылары және пайдаланылатын квоталар туралы ақпаратты қамтитын есептерді ұсынуы керек. Есептерге есепті тоқсаннан кейін екі ай ішінде өзгерістер енгізуге болады.

2025 жылдан кейін көміртекті реттеу күшіне енеді және тегін квоталар біртіндеп жойылады. Бұл ретте, Делфин Салардтың айтуынша, бастапқыда төлемдер тікелей шығарындыларға әсер етеді, кейіннен қамту саласы мұнай өңдеу және химия өнеркәсібі сияқты көміртектің ағып кету қаупі бар басқа секторларға кеңейтілуі мүмкін.

ЭЫДҰ-ның Халықаралық климаттық іс-қимыл бағдарламасының жетекшісі Родриго Пизарро көміртегі квоталарының бағасы неден қалыптасатыны, сондай-ақ шығарындылар саудасы жүйесі неден тұратыны туралы айтты. Шекаралық көміртекті түзету механизмін енгізу жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған, дейді Родриго Пизарро.

Қазақстан алдында 2030 жылға қарай таза шығарындыларды 328,4 млн тоннаға дейін төмендету және халықаралық қолдау шартымен 1990 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда шығарындыларды 25%-ға қысқарту міндеті тұр. ЭЫДҰ сарапшылары түсіндіргендей, бұл 2030 жылға қарай Қазақстанға көмір генерациясының үлесін 65%-дан 40%-ға дейін қысқарту және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 10%-дан 24%-ға дейін ұлғайту қажет дегенді білдіреді.

Семинар барысында «QazTrade» АҚ Халықаралық интеграция департаментінің директоры Айнұр Әмірбекова қазақстандық өнеркәсіпшілердің алдағы жылдары кездесетін сын-қатерлері мен тәуекелдерін атап өтті. ЕО елдерінің көміртегі салығын енгізуі экспорттық тауарлардың құнына, демек өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне автоматты түрде әсер етеді. Көтерілген баға кейбір нарықтарды отандық тауарларға гипотетикалық түрде жабуы мүмкін. Сонымен, қазірдің өзінде кәсіпорындар декарбонизация және балама технологияларға көшу бойынша жұмысты бастауы керек.

«Қазақстандық экспортта көмірсутек шикізатының құрамдас бөлігі неғұрлым жоғары болса, импорттаушы елдерде салықтар мен алымдар соғұрлым жоғары болады. Сондықтан өндірістің технологиялық процестерін жаңғырту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу, оларды іске асыруға, оның ішінде бюджеттік қаражатты қарастыру қажет», - деді Айнұр Әмірбекова.

Өз тараптарынан Еуропалық комиссияның сарапшылары QazTrade-пен бірлесіп экспорттаушыларды оқыту бойынша одан әрі жұмыс жүргізуге, талдамалық қолдау көрсетуге және келіссөздерді сүйемелдеуге, сондай-ақ экологияландыру жөніндегі шараларды ескере отырып, экспорттаушылардың экспорттық стратегияларын бейімдеуге дайын.