
Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков жұмыс сапарымен Қонаев қаласында болып, Алматы облысының: «Мұқан» ШҚ, «Дәулетбаева» ШҚ, «Бауыр» ШҚ, «Нұр Агро» Агрофирмасы» ЖШС, «Алтай фирмасы» ЖШС пияз өсірушілермен кездесті.
Фермерлер пияздың қолда бар қорларын сатуда қиындықтарға тап болғанын хабарлады. Кездесуде сауда комитетінің төрағасы пияз өсірушілерге мынадай шешу жолдарын ұсынды:
Бірінші. Бұған дейін «Алтын орда» базарында облыс әкімдігінің қолдауымен Сауда комитеті ұйымдастырған тегін орындар туралы ақпарат таратылды.
Екінші. Өнімді ірі сауда желілеріне өткізу мүмкіндіктері, сондай-ақ ол үшін қандай құжаттар қажет екендігі түсіндірілді. Мысалы «Фирма Алтай» ЖШС-ның сауда желілерімен жұмыс істеу тәжірибесі бар.
Үшінші. Өңірлік ӘКК-лерге пияз жеткізу мүмкіндігі бар, ал форвардтық келісімшарттар жасасу үшін кепілдің болуы қажет.
Төртінші. Пиязды басқа елдерге экспорттау мүмкіндігі бар. Бұрын пиязды сату бойынша ұсыныстар «Qaztrade» АҚ арқылы Өзбекстан, Ауғанстан және Иранға жіберілген болатын.
Айта кетейік, ауған бизнесмендері Алматы облысының бірнеше шаруашылығында болып, пиязды сақтау шарттары мен көлемімен танысты. Жаңа жылдан бастап Ауғанстанға пияз экспорты белсенді түрде басталды.