Қазақстанның сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі алғашқы ұлттық баяндамасы Астанада таныстырылды

Қазақстанның сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі алғашқы ұлттық баяндамасы Астанада таныстырылды

Астанада Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың қатысуымен өткен семинарда Қазақстанның сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі алғашқы ұлттық баяндаманың тұсаукесері өтті.

Ұлттық баяндаманы ҚР Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен «QazTrade» АҚ-мен бірлесіп дайындады.

Шолуда ел ДСҰ-ға кірген сәттен бастап 7 жыл ішінде сауда рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған Қазақстан Үкіметі қабылдаған шараларға талдау ұсынылған. Қазақстанның әлемдік жеткізу тізбегіне қатысуына баға беріледі, сондай-ақ мемлекеттің қағазсыз трансшекаралық сауданы дамытуда қаншалықты ілгерілегеніне талдау жүргізіледі.

«Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстан өңірлік саудада шешуші рөл атқарады. Соңғы жылдары сауда рәсімдерін жеңілдетуде айтарлықтай прогреске қол жеткізілді. Ол кедендік заңнама мен әкімшілендіруді жақсарту, қағазсыз  трансшекаралық сауда институты, тұрақты сауда, сондай - ақ сауда рәсімдерін оңайлату туралы ДСҰ келісімін толық орындау сияқты мәселелер бойынша оң өзгерістерін көрсетті»,-деді вице-министр өзінің құттықтау сөзінде.

Қайрат Балықбаев атап өткендей, сауда рәсімдерін оңайлату сыртқы экономикалық қызметтің дамуына оң әсер етеді. Бүгінде Қазақстан 131 елмен сауда жасайды. 2022 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 135,5 млрд долларға жетті, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 33,2% - ға асып түсті. Ел алдында Өзбекстанмен сауда көлемін 10 млрд долларға дейін және Қырғызстанмен сауда көлемін 2 млрд долларға дейін ұлғайту міндеті тұр. Сарапшылардың пікірінше, осы мақсаттарға қол жеткізуге сауда рәсімдерін одан әрі оңтайландыру ықпал ететін болады.

2022 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Үкіметтің сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады және бұл мәселеде Қазақстанды Орталық Азия елдері арасында көшбасшы деп атады.

БҰҰ-ның цифрлық және орнықты технологияларды пайдалана отырып сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі жаһандық зерттеуіне сәйкес Қазақстан 2023 жылы сауданы оңтайландыру саласындағы жалпы көрсеткішті 76,34% - ға дейін жақсартты.

«Қазақстанның сауда рәсімдерін жеңілдетудегі жетістіктері еліміздің барлық уәкілетті органдарының, ведомстволар мен қауымдастықтардың, сондай - ақ халықаралық ұйымдар мен донорлардың тиімді, дәйекті және үйлесімді іс-қимылдары мен шараларының арқасында мүмкін болды», - деп атап өтті Қайрат Балықбаев.

2018 жылдан бастап Қазақстанда Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұлттық комитет жұмыс істейді, оның құрамына мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері кіреді. Ол ДСҰ Келісімінің ережелерінің орындалуын үйлестіру және бақылау, сондай-ақ мемлекет пен жеке сектордың мүдделерін ескере отырып реформалар жүргізу үшін әзірленген.

Соңғы жылдары Қазақстанда халықаралық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасаған ірі жобалар іске асырылды. Мәселен, 2018-2019 жылдары «АСТАНА-1» және «экспорттық-импорттық операцияларға арналған Бірыңғай терезе» ақпараттық жүйелері енгізілді. Өткен жылы сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша Қазақстанның сауда порталы іске қосылды. 2023 жылы Орталық Азия шлюзінің аймақтық сауда порталы жұмыс істей бастады, ол БҰҰ-ның ең жоғары наградасына ие болды және әлемдегі ең жақсы Ақпараттық сауда порталы деп танылды. Сыртқы сауданы дамыту үшін тағы бір маңызды жоба Qaztrade Academy экспорттаушыларына арналған білім беру онлайн-платформасы, елдің трансшекаралық қағазсыз саудаға дайындығын бағалау бойынша БҰҰ ЭСКАТО-мен бірлескен бастама болды.

Еуропалық Одақтың ҚР-дағы Елшісі Кестутис Янкаускастың айтуынша, биылғы жыл сыртқы экономикалық оқиғаларға толы болды және Қазақстан сауда рәсімдерін жақсарту саласында айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Бұл жұмыста ЕО-ның айтарлықтай үлесі бар. Атап айтқанда, Еуроодақтың қолдауымен Ready4Trade Central Asia трансшекаралық сауданы дамыту жөніндегі халықаралық сауда орталығының жобасы іске асырылды.

Өз кезегінде, Қазақстандағы USAID бағдарламаларының жетекшісі Стивен Орр атап өткендей, Ұлттық баяндаманың жарыққа шығуы Қазақстан мен USAID-тің Қазақстанның халықаралық беделін жақсарту жөніндегі бірлескен күш-жігеріндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. USAID-тің Қазақстан үкіметін қолдауға берік міндеттемесі таныстырылған Ұлттық баяндамамен расталады, бұл сонымен қатар USAID-тің Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдері арасындағы сауданы дамытуға жәрдемдесуге ұмтылысын білдіреді.

Соңында «QazTrade» АҚ Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров Ұлттық баяндаманың негізгі бөлімдерін ұсынды. Бұл ретте ол халықаралық сарапшылардың Қазақстанның сауда саласындағы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуіне қосқан үлесін атап өтті.

Семинарға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысты.