Ұлттық палатаның алаңында отандық экспорттаушыларға мемлекеттік қолдау шараларын талқылау үшін Сауда және интеграция министрлігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен отырысы өтті.
«Қазір өзекті мәселенің бірі – экспорт мәселесі. Басқа мәселелерді де кәсіпкерлер айтады. Кездесуіміздің нәтижесі бойынша біз проблемаларды шешу үшін нақты ұсыныстар әзірлейміз...» – деді Ұлттық палата төралқа төрағасы Райымбек Баталов.
Бизнес-қоғамдастық өкілдері астықты жем-шөп және көмір экспортымен байланысты туындаған қиындықтарға назар аударды.
Астық одағының атқарушы директоры Мұратбек Исабаевтың айтуынша, Қазақстанда биыл жемге кететін астық қалдығы көп. Қазір 2-3 млн тонна болады деп болжанып отыр.
«Тарихи тұрғыдан олай болған жоқ. Бұл күннің өзектілігі – жемшөп сату. Сондықтан экспорттық бағыт бойынша мүмкіндік беру керек деп санаймыз. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымының жұмысы тұрақсыз», – деп атап өтті Мұратбек Исабаев.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев экспорттаушыларға экспорт бойынша көлік стратегиясын қайта қарауды және логистикаға жұмсалған шығындарды өтеудің орнына «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дан вагон құрамдарын алдын ала сатып алуды ұсынды. Спикер экспорт бойынша арнайы штаб құру және барлық транзакциялық шығынды бірлесіп есептеп, штаб жұмысы шеңберінде осы мәселені қарауды ұсынды.
«Мүдделі министрліктер, ең алдымен, Көлік министрлігі, Өнеркәсіп министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі әріптестер - біз логистика, тасымалдау және экспорттық бағытты қолдау шараларына қатысты мәселелерді жүйелеу үшін экспорттық штаб құрамыз. Себебі экспортты жоспарлау кезінде ғана емес, ел ішінде де көптеген мәселе барын көріп отырмыз. Біз бизнес-қоғамдастықпен ҰКП алаңында тұрақты кездесуге дайынбыз», – деді ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
МТИ басшысы ҰКП алаңында тұрақты негізде бизнес-қоғамдастықпен кездесуге дайын екендігін білдірді.
«Экспорттық стратегияны қалыптастыру үшін бизнеске ұзақ мерзімді индикативтік баланстарды құрастыру қажет, яғни қандай тауарларды экспорттауға дайын екеніңізді, қандай көлемде, бағыттарда және қандай жиілікпен белгілеу қажет. Серіктес елдермен кез-келген екіжақты қатынастарда жеткізілімдердің сапасы мен тұрақтылығы маңызды. Ауғанстан, Иран, Пәкістан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты дәстүрлі бағыттар бойынша біз министрліктермен және бизнеспен бірлесіп нақты экспорттық стратегияны әзірлеп, оны бекіте аламыз. Президент бізге Қазақстанды азық-түлік хабына айналдыру міндетін қойды. Ол үшін біз өзіміздің күшті жақтарымыз бен артықшылықтарымызды пайдалануымыз, жоғары қайта бөлу өнімдерін өндіруді ынталандыруымыз, сондай - ақ экспорт бағыттарының икемділігін дамытуымыз қажет», - деп атап өтті Арман Шакқалиев.
Отырыс қорытындысы бойынша диалогқа қатысушылар синхрондау алгоритмдерін, сондай-ақ экспорттық акселерацияға бағытталған нақты шараларды бекіту үшін министрлердің қатысуымен келесі кездесуді жоспарлады.