Күзгі көкөністер жәрмеңкесі, сауда үстемесін бақылау және сақтау қуаттарын есепке алу

Күзгі көкөністер жәрмеңкесі, сауда үстемесін бақылау және сақтау қуаттарын есепке алу

Алдағы маусымаралық және қыста еліміздің тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін оңтүстік өңірлерде көкөніс жәрмеңкелері өтеді.

Белсенді егін жинау науқаны кезінде негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қабылданған осы және басқа да шараларды вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен сенбі күні Үкіметте қарады.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда Комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков хабарлағандай, 14 қыркүйекте Жамбыл облысында пияз жәрмеңкесі жоспарланған. Оған барлық өңірлер мен ірі сауда желілері шақырылды.

«Пияз бағасы төмен кезде өңірлер белсенді түрде қажетті көлем бойынша келісім-шарт жасасуы қажет», — деді Әбілдабеков.

Сауда Комитетінің төрағасы электрондық шот – фактуралар (ЭШФ) арқылы өндірушіден сауда сөрелеріне дейін ӘМАТ-қа баға белгілеу тізбегін талдау жөніндегі ведомствоның жұмысы туралы хабардар етті.

«Жыл басынан бері 814 тізбекке талдау жүргізілді, 146 факт бойынша сауда үстемесінен асыру тәуекелдері анықталды. Кейбір аймақтарда бірінші санаттағы жұмыртқалардың бағасы қатты өскен. Біз 5 өндіруші бойынша ЭШФ-ға жан-жақты талдау жүргіздік, «Воробьев А.А.» ЖШС жұмыртқа бағасын рұқсат етілген үстемеден асырғаны анықталды, ол құс фабрикасынан және басқа көтерме саудагерден жұмыртқа сатып алып, одан 35%-дан 131%-ға дейін пайда көріп отырған. «DOSAUTO KZ» ЖШС «Адель Кус» ЖШС-дан жұмыртқа алып, сату кезінде оған 71% үстеме қосып отырған», — деді комитет басшысы. 

Күріш бойынша баға жағдайын бөлек қарастырдық. Өткен аптада ӘМАТ бағасының 0,1% - ға төмендеуіне қарамастан күріштің құны 1,1% - ға өсті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың мәліметінше, қазіргі уақытта осы жылдың маусым айында Қызылордада өткен күріш жәрмеңкесіне қарамастан, барлығы 4 өңір (Ақмола, Шымкент, Қостанай және Түркістан облыстары) осы жарманың қорын үш айға қажетті көлемде келісімшартқа отырды. Антилидерлерде - ШҚО (қажеттіліктен 9%), БҚО – 22%, Ақтөбе-36%.

Сондай-ақ, жиында еліміздегі жекеменшік көкөніс қоймаларын есепке алу мәселесі талқыланды, бұл еліміздің көкөністермен қамтамасыз етудегі жағдайдың статистикасы мен талдау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Ұлттық статистика бюросына әкімдіктермен көкөністерді сақтаудың барлық объектілерін есепке қою бойынша жұмыс жүргізуді, өңірлерге тұрақты бағаны қамтамасыз ету үшін негізгі азық - түліктің қажетті қорларын қалыптастыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.