Астанадағы Қазақстан-Ауған бизнес-форумы 300-ден астам бизнес пен үкіметтік топтардың өкілдерін жинады.
Іскерлік форумды өткізуге екі тарап та мүдделі. Қазақстан Ауған нарығына азық-түліктің ірі жеткізушісі болып табылады. Қазақстандық экспорттың ең үлкен үлесін ұн мен бидай жеткізілімдері құрайды. Өткен жылы Ауғанстан 1,28 млн тонна қазақстандық ұнды импорттап, Өзбекстан және Тәжікстанмен қатар осы өнімнің негізгі үш тұтынушы елін басқарды.
«Ауғанстан Қазақстан үшін ұн экспортының жалпы көлемінің 70% құрайтын ұн өткізудің басым нарығы болып табылады. Қазіргі уақытта біз экспорттық себетті әртараптандыру үрдісін көріп отырмыз. Біздің есептеулеріміз бойынша Қазақстанның Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау салаларының тауарлары бойынша $500 млн. сомасына жеткізетіндей экспорттық әлеуеті бар», — деп хабарлады форумда Премьер-Министрдің орынбасары-ҚР сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің айтуынша, барлық Орталық Азия елдерінің ішінде Ауғанстан Қазақстанмен ең көп сауда жасайды. Біздің елдеріміз арасындағы өзара тауар айналымы шамамен 1 млрд. долларға жетті, болашақта сауда көлемін 3 млрд.долларға дейін ұлғайту жоспарлануда. Биыл Гератта Қазақстанның сауда үйі ашылды, бұл біздің елдеріміз арасындағы экспорттық-импорттық жеткізілімдерді ұлғайтуға және әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Ауғанстан халқы шамамен 40 миллион адамды құрайды. Бұл ретте еліміз Пәкістан мен Үндістанның, сондай-ақ Таяу Шығыстың Қазақстанға жоғары сауда мүддесін білдіретін жақын маңдағы сыйымды нарықтарына шыға алады. Осы тұрғыда Қазақстанның Ауғанстан арқылы өтетін сауда бағыттарын әртараптандыру сауда қатынастарын дамытуға және елдеріміздің экономикасын нығайтуға ықпал ететін болады. Бірінші жартыжылдықта Қазақстан пәкістандық картоптың импортын Ауғанстан аумағы арқылы өтетін және Пәкістанды Орталық Азия елдерімен, оның ішінде біздің елдермен байланыстыратын ең қысқа автомобиль жолы арқылы жүзеге асырды.
Бүгінде қазақстандық бизнес өңірдің барлық елдерімен өзара іс-қимыл жасайды. Сауданың қауіпсіздігі мен тартымдылығын қамтамасыз ету үшін тараптар өзара сауданың оңтайлы жағдайларын жасауға келісуде.
«Бүгінде Түрікменстан өз аумағы бойынша тасымалдарды дамытуға мүдделі және өз аумағы бойынша жеңілдікті - преференциялық транзиттік тарифті ұсынуға дайын. Бұл бағыт, ең алдымен, ұн тартатын өнімдерге балама жөнелту бағыты бола алады. Осы мақсаттар үшін шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілетудің бірыңғай операторы QazTrade отандық тауарларды Болашақ станциясына дейін жеткізуді арзандатуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, біз Өзбекстанмен елдеріміздің аумақтарымен транзиттік теміржол тасымалдарына жеңілдік шарттарын ұсыну бойынша уағдаластықтарды нығайттық, осылайша біз Ауғанстанға ұн мен астықты тепе-тең негізде жеткіземіз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Транзиттік-көлік жүйесін кеңейту үшін 2021 жылы Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан билігі Термез – Мазари – Шариф – Кабул – Пешавар трансафган теміржолын ұзартуға келісті. Бұл маршрутты салу тек Ташкент, Кабул және Исламабад үшін ғана емес, сонымен қатар Азия аймағының басқа елдері, сондай-ақ Таяу Шығыс үшін де сауда жолдарын ашады.
«Қазақстан Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар темір жол трансафган көлік дәлізін салу бастамасын жоғары бағалайды, бұл Орталық Азия мемлекеттерінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз өңіраралық ынтымақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бағыт сауда-экономикалық қатынастар динамикасына жаңа серпін береді», — деді Премьер-Министрдің орынбасары - ҚР Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Қазақстандық тараптың пікірінше, Ауғанстанмен энергетика саласындағы ынтымақтастық үшін жақсы перспективалар бар. Атап айтқанда, мұнай мен газды өндіру және тасымалдау жөніндегі жобаларды іске асыру елдерге өз экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан-Ауған бизнес-форумын өткізу аясында B2B келіссөздері өтті, оған екі елдің іскер топтарының 250 өкілі қатысты.