ЕАЭО-да органикалық заттар өндірісін дамытуға ниетті

ЕАЭО-да органикалық заттар өндірісін дамытуға ниетті

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде органикалық өнімді тану тәртібі туралы Келісімнің жобасын әзірлеуді жүргізуде.

Құжат ЕАЭО шеңберінде мүше мемлекеттерде өндірілген (алынған) өнімді органикалық деп тану тәртібін айқындауға тиіс. Осы мақсатта өндірістің (онымен байланысты өңдеу, сақтау және тасымалдау процестерінің) тиісті стандарттарға сәйкестігін растайтын сертификаттар беру көзделеді. Бұл ретте тізбе халықаралық және аймақтық стандарттар негізінде қалыптастырылады және оны Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі бекітетін болады.

Мұндай сертификаттарды өзара тану Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің нарығында органикалық өнімді еркін сатуын қамтамасыз етеді.

Мұндай келісімді жасасу сертификаттау рәсімдерін жеңілдетуге және олардың өзара танылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Белгіленген іс-шараларды іске асыру экологиялық ортаны жақсартуға, адам денсаулығы үшін қауіпсіз тамақ өнімдерін өндіруге және органикалық өнім өндірушілердің әлемдік рейтингін арттыруға бағытталған.

Келісімді енгізуімен байланысты әсер – бұл адал бәсекелестік пен кооперацияны дамыту, «органикалық заттарға» қолжетімді бағаны қалыптастыру және отандық өндірушілер өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру.

Қазақстан бизнесі үшін өзара тану және осы стандарттар бойынша жұмыс жасау жалпы саны шамамен 185 млн. адамды құрайтын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің халқына өндірістік органикалық өнімді сатуға мүмкіндік береді.

Келісімнің жобасына ағымдағы жылдың соңына дейін қол қою жоспарлануда.