2023 жылғы 22 мамырда Қазақстан Республикасының Cауда және интеграция вице-министрі Қ. Төребаев пен Еуропалық комиссияның Оңтүстік көршілер, Таяу Шығыс, Түркия, Ресей және Орталық Азия бойынша басқарма басшысы Неле Эйххорнның төрағалығымен Қазақстан – ЕО Сауда конфигурациясындағы ынтымақтастық комитетінің 6-шы отырысы өтті.
Кездесу барысында тараптар 5-ші отырыс хаттамасының орындалуын, сондай-ақ Қазақстанның Еуропалық Одақпен сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастарының ағымдағы жағдайы мен перспективаларын, Қазақстан мен ЕО-ның кеңейтілген әріптестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімнің іске асырылуын талқылады.
ЕО Қазақстанның ірі сауда серіктесі болып табылады және ҚР сыртқы саудасының 30% құрайды. Өзара сауда динамикасы сауда көлемінің жыл сайынғы өсуін көрсетеді. Жалпы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымы 2023 жылдың 3 айында 10,2 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5% - ға жоғары (9,1 млрд. АҚШ).
Сонымен бірге Қазақстан ЕО-ға машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда 2,3 млрд. АҚШ долларынан астам сомаға өңделген тауарлардың 175-тен астам түрін ұсына алады. Сондай-ақ, астықтың ірі өндірушісі бола отырып, Қазақстан жаһандық азық-түлік күн тәртібін іске асыруда ЕО-ның стратегиялық серіктесі бола алады.