ЕЭК Кеңесінде Еуразиялық одақтың ортақ электр энергиясы нарығы мен мемлекеттік сатып алулардағы ережелері бекітілді

ЕЭК Кеңесінде Еуразиялық одақтың ортақ электр энергиясы нарығы мен мемлекеттік сатып алулардағы ережелері бекітілді

25 қаңтарда Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдерінен құралған қазақстандық делегация Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің биылғы бірінші отырысына қатысты. 

ЕЭК Кеңесіне қатысушылар 38 мәселені қарады, олардың әрқайсысын егжей-тегжейлі пысықтап, бірқатар шешім қабылдады. Бизнес үшін маңызды ЕАЭО-ға қатысушы елдердің өнеркәсіптік тауардың 55 тауар атауы бойынша мемлекеттік сатып алуларға кедергісіз қол жеткізу мәселесі шешілді. Ол үшін ЕЭК Кеңесі қолданыстағы құжаттарға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады, оларды өндірістік және технологиялық операциялардың шарттарымен толықтырды. Өзгерістер арнайы машина жасау (арнайы техника), музыкалық аспаптар мен жабдықтар, электроника және радиоэлектроника салаларына әсер етті.

ЕАЭО-ның ортақ электр энергиясы нарығын қалыптастыру мақсатында Электр энергиясын берудің мемлекетаралық қызметтеріне қол жеткізу қағидалары бекітілді. Қатысушы елдер электр энергиясын мемлекетаралық тасымалдау қызметтеріне қол жеткізу қағидаттары, тәртібі, соның ішінде тиісті келісімдерді жасау, ресімдеу, өзгерту, тоқтату және басқа да ерекшеліктері бойынша ортақ пікірге келді. Құжат ортақ электр энергиясы нарығына қатысушылардың қуат көзін сату кезінде оны мемлекетаралық тасымалдауға кедергісіз қолжетімділігін айқындайды. Мақұлданған құжат 2023 жылғы 2-3 ақпанда Алматыда өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңеске (ЕҮАК) бекітуге жолданады.

Кеңес шешімімен тұсқағаздар өндірісі үшін шикізат ретінде пайдаланылатын пластификацияланған поливинилхлоридке ЕАЭО бірыңғай кедендік тарифі импорттық кедендік баж салығының нөлдік мөлшерлемесі бекітілді. Мөлшерлеме ЕЭК Кеңесінің шешімі күшіне енген күннен бастап және 2024 жылғы 29 ақпанға дейін қолданыста болады. Қазіргі уақытта осы материалға қолданылып жүрген мөлшерлеме кедендік құнның 6,5% құрайды.

Сондай-ақ қатысушылар ЕАЭО-ға қатысушы елдердің заңнамаларын үйлестіруге, өнімдер тізбесіне өзгерістер енгізуге, интеграцияланған ақпараттық жүйені, кедендік, көліктік рәсімдерді, ауыл шаруашылығын және т. б. дамытуға бағытталған техникалық регламенттерінің талаптарын сақтау мәселелерін қарады.

Келесі отырыс 2023 жылғы 17 ақпанда Мәскеуде өтеді.