ЕАЭО-ға қатысушы елдер мен Иран арасындағы сауданың преференциялық режимі 3 жылға ұзартылды

ЕАЭО-ға қатысушы елдер мен Иран арасындағы сауданың преференциялық режимі 3 жылға ұзартылды

2022 жылғы 15 қазанда Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттері Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін 2018 жылғы 17 мамырдағы уақытша келісімге (Уақытша келісім) Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталуы туралы Иран Ислам Республикасымен ноталар алмасты.

Хаттама Уақытша келісімді үш жылға – 2025 жылғы 27 қазанға дейін ұзартады.

Уақытша келісім кедендік әкелу баждарын төмендетумен қатар, басқа да маңызды сауда аспектілерін қамтиды. Аталған құжат санитариялық және фитосанитариялық шараларды, техникалық кедергілерді, кедендік рәсімдерді және сауда рәсімдерін оңайлатуды, дауларды шешуді, ішкі нарықты қорғау шараларын және шығарылған жерін айқындау қағидаларын реттейтін Дүниежүзілік сауда ұйымының Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімінің (ДСҰ GATT) және халықаралық құқықтың нормаларына негізделген.

Уақытша келісім шеңберінде Иран ДСҰ-ға мүше болмай отырып, ДСҰ-ның GATT-та белгіленген нормаларды қабылдады. Келісімді тауарлық қамту бойынша Иран тарифтік және тарифтік емес реттеудің негізсіз шараларын, сондай-ақ отандық өндірушілерді жанама қорғаудың өзге де шараларын қолданудан бас тарту жөніндегі міндеттемелерді қабылдайды.

Осылайша, Уақытша келісім Иранмен сауданың қолданыстағы преференциялық режимін сақтайды, сонымен қатар Иранмен саудалық реттеудің болжамдылығын елеулі түрде арттырады.

Уақытша келісімнің қолданылу кезеңі ішінде Иранмен өзара сауда көлемі едәуір өсті: 2019-2021 жылдары Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 16,6% - ға – 377,4 млн АҚШ долларынан 440,1 млн АҚШ долларына дейін өсті.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 440,1 млн АҚШ долларын құрды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 84,8%-ға жоғары (238,1 млн АҚШ доллар). Қазақстаннан Иранға экспорт 2021 жылы 2,1 есеге өсіп, 275,3 млн АҚШ долларын құрды. Ираннан Қазақстанға импорт 2021 жылы 50,4%-ға өсіп, 164,9 млн АҚШ долларын құрды.

2021 жылы қазақстандық бидай экспортының күрт өсуі байқалады (өсім 32,3 есеге немесе 143 млн АҚШ долларына (4,6-дан 147,6 млн АҚШ долларына дейін), арпа – (3,1%-ға немесе 3,6 млн АҚШ долларына (116,8-ден 120,4 млн АҚШ долларына дейін), рапс майы – (2,2 млн АҚШ долларына
(0-ден 2,2 млн
АҚШ долларына дейін).

Хаттама 2022 жылғы 25 қазанда күшіне енеді.