Қазақстан мен Иран тауар айналымының көлемін ұлғайтуға мүдделі

Қазақстан мен Иран тауар айналымының көлемін ұлғайтуға мүдделі

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Махди Сафаримен екі елдің мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру аясында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Қарастырылған мәселелер серіктестік қатынастардың кең ауқымды бағыттарын қозғады. Қазіргі уақытта екі ел арасында Қазақстаннан Иранға 1 млн тонна көлемінде дәнді дақылдарды жеткізуге меморандум, сондай-ақ Қазақстаннан дәнді және майлы дақылдарды, өсімдік майларын, кондитерлік өнімдерді, ет өнімдерін, ал Ираннан көкөністерді, жемістер, сүт өнімдерін жеткізу бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы мен транзиті бойынша Қазақстан-Иран ынтымақтастығы туралы меморандум жұмыс істейді.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымының көлемін $3 млрд-қа дейін, оның ішінде агроөнеркәсіп кешені саласында $1 млрд-қа дейін ұлғайту мүмкіндігіне баса назар аударылды. Келіссөз нәтижесінде жақын арада Иранның ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары бастаған карантин және ветеринариялық сертификаттар саласындағы ирандық сарапшылар іс-қимылдың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу үшін Қазақстанға келетіні туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар тараптар Иранға бағыттайтын және ол арқылы өтетін контейнерлік маршруттарды дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Қазіргі уақытта үш теміржол бағыты жұмыс істейді, Иранға қарай және одан әрі үшінші елдерге контейнерлермен жүктерді тасымалдауға қолайлы тарифтік шарттар белгіленді. Тараптар жүк тасымалын жылына 4 млн тоннаға дейін жеткізуге ниет білдірді. Сонымен қатар электр энергиясы транзиті, фармацевтика саласы және медициналық бұйымдар, құрылыс материалдары, электр станцияларына арналған жиынтықтауыштарды жеткізу салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.