Сауда министрлігі тауар өндірушілердің сауда алаңдарына қол жеткізу барысын цифрландырады

Сауда министрлігі тауар өндірушілердің сауда алаңдарына қол жеткізу барысын цифрландырады

Сауда және интеграция министрлігі Бас прокуратурамен, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, нарықтарды жаңғырту үшін заңнамалық түзетулер әзірледі.

Нормалар ҚР Парламентінің қарауында жатқан "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасына енгізілді.

Әзірленген нормалар мыналарды көздейді:

1) нарықтың меншік иесіне сауданы ұйымдастыру үшін дербес жауапкершілік беру;

2) нарықтарға қойылатын біліктілік және инфрақұрылымдық талаптарды белгілеу;

3) отандық тауар өндірушілердің сауда алаңдарына бәсекелі және еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені құру болып табылады.

Заңнамалық түзетулер Бас прокуратураның осы жылдың көктемінде жүргізген 122 нарықты тексеруінің нәтижесі болды. Тексеру барысында сауда объектілері жұмысының көптеген жүйелі проблемалары, оның ішінде нарық иелері мен әкімшілігінің қызметін регламенттеудің болмауы; сауда орны үшін жоғары жалдау мөлшерлемелері (күніне 15 мың теңгеге дейін); нарық әкімшілігінің қосымша қызметтер көрсету бойынша үлестес жеткізушілерді күштеп таңуы (сертификаттық сынақтар, буып-түю, тасымалдау және т.б.) анықталды. Сондай-ақ нарыққа қатысушылардың тауарлардың жасанды тапшылығы мен бағамен айла-шарғы жасау жағдайлары атап өтілді.