Astana Finance Days: Бақыт Сұлтанов «ЕО пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық» панельдік сессиясына қатысты

Astana Finance Days: Бақыт Сұлтанов «ЕО пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық» панельдік сессиясына қатысты

Бүгін Astana Finance Days халықаралық қаржы конференциясы шеңберінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «ЕО және Қазақстан арасындағы ынтымақтастық» панельдік сессиясына қатысты.

Конференцияға сондай-ақ ҚР-дағы ЕО Елшісі Кестутис Янкаускас, Халықаралық қаржы орталықтарының дүниежүзілік альянсының Басқарушы директоры Йохен Бидерманн, Frankfurt main finance Басқарушы директоры Хубертус Ват, Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың атқарушы директоры Дэвид Клив және АХҚО Инвестициялар жөніндегі директоры Джеймс Мартин қатысты.

Конференция барысында Бақыт Сұлтанов жыл басынан бері 4 айда ЕО елдерімен тауар айналымының 50%-дан астам өсу тренді байқалғанын атап өтті. 216 жаңа экспорттық тауарлар пайда болды, олардың ішінде жалпақ илек, мырыш, соя, темір бар. Сонымен бірге, импорттық фармацевтикалық өнімнің, радиолокациялық аппаратураның, телефон аппараттарының өсуі байқалады.

«ЕуроОдақтың Қазақстанға салған инвестициясы соңғы 10 жылда 270 млрд.еуроны құрады. Бүгінгі таңда ЕуроОдақ елдерінің инвесторларының қатысуымен жалпы сомасы 4,6 млрд. долларға 27 жоба пысықталуда. Оның 2-уі ағымдағы жылы 100 млн. долл. астам сомаға пайдалануға берілді», - деді Б. Сұлтанов.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары өз сөзінде қатысушыларға қазақстандық азық-түлік өнімдерінің экспортын арттыру бойынша жұмысты жандандыруды және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуды ұсынды.

«Өңірде Еуроодақ елдерімен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың табысты тәжірибесін және жаңа экономикалық трендтерді ескере отырып, біз қосылған құны жоғары өнім өндіру бойынша жоғары технологиялық кәсіпорындарды іске қосуымыз қажет», - деп атап өтті Б. Сұлтанов.

Еуропалық Одақ пен Қазақстан 1991 жылы ел тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бері серіктес болып келеді. 2015 жылғы желтоқсанда Еуропалық Одақ пен Қазақстан Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге (ЕРСА) қол қойды. Орталық Азиядағы әріптеспен жасалған, алғашқы құжатқа айналған аталған келісім ЕО мен Қазақстан арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді және ЕО мен Қазақстан арасындағы 25 жылдан асатын қатынастардағы маңызды кезең болып табылады.